Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекарааралық жерасты сулары бойынша ЮНЕСКО жобасының жаңа кезеңі басталды

ПАРИЖ, 2019 жылғы қараша – Қазақстан мен Өзбекстан сарапшыларының қатысуымен ЮНЕСКО-ның екі елдің шекаралық аудандары үшін ауыз судың маңызды көзі болып табылатын «Ташкент маңы су көкжиегін» бірлесе басқару тетіктерін жетілдіру жобасының үшінші кезеңінің алғашқы семинары өтті.

2019 жылғы 5-6 қарашада Ұйымның Париждегі штаб-пәтерінде өткен іс-шараның ашылуында ЮНЕСКО Хатшылығының Су ғылымдары бөлімінің директоры Юсеф Филали-Мекнасси Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік органдары мен сарапшыларының су көкжиегінің тұрақты имитациялық сандық моделін құру бойынша бірлескен әрекет жоспарының қабылдауына әкелген жобаның екінші кезеңінде жинақтаған жағымды тәжірибесін атап өтті. 2022 жылдың жазына дейін жалғасатын үшінші кезеңде құнды шекарааралық қорды басқарудағы аталған аса маңызды құралды қалыптастыру бойынша мазмұнды жұмыс көзделген.

Өз кезегінде, Қазақстанның Франциядағы Елшісі – ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Жан Ғалиев Ұйым Хатшылығына және жобаның демеушісі болып табылатын Швейцариялық даму және ынтымақтастық агенттігіне ұдайы қолдаулары үшін алғыс айтты. Осы орайда ол жобаның еліміздің халық ең тығыз қоныстанған өңірдегі әлеуметтік-экономикалық даму мен қоршаған ортаны қорғау үшін зор маңызын ерекше атап өтіп, Өзбекстан тарапымен өзара түсіністік пен ынтымақтастық сипатындағы сындарлы әрекеттестіктің жалғасуына үміт артатынын білдірді.

Париждегі семинарға ЮНЕСКО Хатшылығы, Алматыдағы Кластерлік бюросы мен Жерасты сулары қорларын бағалау бойынша халықаралық орталықтың (IGRAC) және аталған екі мемлекеттің – соның ішінде Қазақстан тарапынан ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Геология комитеті мен еліміздің жетекші ғылыми-зерттеу ұйымдарының – беделді сарапшылары қатысты.

Семинарға қатысушылардың ортақ пікірінше, жобаны жүзеге асыру маңызды ғылыми деректермен алмасу, қажетті құрал жабдық пен бағдарламалық жасақтама сатып алуға, аталған саладағы жергілікті мамандардың біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік береді.

«Ташкент маңы су көкжиегін» басқарудағы Орталық Азиядағы екі ірі мемлекеттің ынтымақтастығына қолдау көрсету ЮНЕСКО Халықаралық гидрологиялық бағдарламасының «Шекарааралық су көкжиектеріндегі жерасты суларын басқару» (GGRETА) бойынша сипаттас үш пилоттық жобаның бірі болып табылады. Басқалары Орталық Америкада және Оңтүстік Африкада жүзеге асырылуда. Жинақталған тәжірибені болашақты әлемнің басқа аймақтарына тарату көзделген.

Қосылған : 6.11.2019, 20:00, Өзгертілген : 6.11.2019, 20:00