СІМ-де БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасымен ынтымақтастық мәселелері талқыланды

НҰР-СҰЛТАН, 2019 жылғы 29 қазан – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі Басқармасының (БҰҰ ЕҚБ) Орталық Азиядағы өңірлік өкілі Ашита Митталмен кездесті. 

Тараптар Қазақстандағы БҰҰ ЕҚБ ағымдағы жобаларын іске асыруды, сондай-ақ өзара іс-қимылды одан әрі нығайту перспективаларын талқылады және контртерроризм мен қылмыстың алдын алу саласындағы жаңа бірлескен жобаларды іске қосу туралы уағдаласты. Сондай-ақ, Алматыда есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының (ОАӨАҮО) жұмыс істеу мәселелері қозғалды.

Сондай-ақ, 30 қазанда СІМ-де «Қазақстан Республикасында экстремистік іс-әрекет пен терроризмге қарсы іс-қимылдың қылмыстық саясатын дамыту перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара барысында Қазақстанда БҰҰ-ның 19 лаңкестікке қарсы конвенциясын жүзеге асыру бойынша талдамалы шолу ұсынылды және ҚР-да экстремистік және террористік бағыттағы қылмыстарды талдау бойынша зерттеу нәтижелері таныстырылды.

Сонымен қатар, А. Миттал ҚР-ға сапары аясында БҰҰ ЕҚБ делегациясының Қазақстандағы қылмыстық сот төрелігі жүйесін нығайту саласындағы мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесулері, сондай-ақ 2019 жылғы 31 қазан мен 1 қараша аралығында Қарағанды облысындағы пенитенциарлық мекемелерге баруы жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта ЕҚБ Қазақстанда «экстремистік және террористік бағыттағы қылмыстары үшін сотталғандармен жұмыс істеу бойынша күш-жігерді қолдау және пенитенциарлық мекемелердегі зорлық-зомбылықты туындататын радикалдаудың алдын алу» және «Жусан» гуманитарлық операциясы шеңберінде Сириядағы соғыс қимылдары аймағынан қайтарылған балаларға көмек көрсетуге бағытталған бірқатар бірлескен жобаларды, «балаларды террористік және әскери экстремистік топтармен азғыруға және пайдалануға қатысты алдын алу және әрекет ету шаралары» жобасын жүзеге асыруда.


Қосылған : 30.10.2019, 20:55, Өзгертілген : 30.10.2019, 20:55