​Нұр-Сұлтанда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мерейтойлы отырысы өтті

НҰР-СҰЛТАН, 2019 жылғы 29 мамыр - Бүгін екі мерейтойлы күн – Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық интеграция туралы идеясына 25 жыл толуы мен Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылғанына 5 жыл толуына орайластырылған Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Мерейтойлы отырысы өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Сооранбай Жээнбеков, Ресей Федерациясының Президенті Владимиро Путин, Армения Республикасының Премьер-министрі Никол Пашинян қатысты.

Сондай-ақ отырысқа ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекеттің басшысы – Молдова Республикасының Президенті Игорь Додон, құрметті қонақтар ретінде Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон қатысты.

Отырыс барысында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевқа «Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің Құрметті Төрағасы» атағын беру туралы ауқымы жағынан тарихи шешім қабылданды. Бұл оқиға Қазақстан басшысының Еуразиялық экономикалық одақты құруға, дамытуға және нығайтуға қосқан жеке үлесі мен рөлінің мойындалуы мен жоғары бағасына айналды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша ЕАЭО туралы шартқа қол қойылғанына 5 жыл толуына орай Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесі мүшелерінің Бірлескен мәлімдемесі ЕАЭО-ның Мерейтойлы Саммитінде қабылданған бас құжаты болды. Бұл әлем қоғамдастығына 5-жылдық жұмысы кезеңінде ЕАЭО-ның табысы мен жетістіктерін паш ететін өзіне тән салтанатты мәлімдеме болып отыр.

Іс-шараның мерекелік сипатын ескере отырып, Жоғары кеңестің мүшелері «Еуразиялық экономикалық одақтың дамуына қосқан үлесі үшін» мерейтойлы медальдермен марапаттауға ұсынылған ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер мен Еуразиялық экономикалық комиссия өкілдерінің тізімін бекітті. Тиісті ұсынысты Еуразиялық экономикалық комиссия ұсынғаны атап өтіледі. Қазақстан тарапынан шамамен 104 азамат марапатталды. Бұл ЕАЭО-ның дамуына іс жүзінде өзінің үлес қосқан мемлекеттік органдардың, бизнес пен ғылым қоғамдастықтарының өкілдері болып отыр.

Отырыс шеңберінде ЕАЭО-ның өзекті қызметінің бірқатар маңызды мәселелері мен одан әрі дамуының перспективалары, оған қоса ЕАЭО шеңберіндегі көпжақты ынтымақтастықтың әртүрлі аспектілері талқыланды.

Атап айтқанда, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер ЕАЭО-ның Цифрлы күн тәртібін іске асыру, Сербиямен сауда келісімге, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақтың және Қытай Халық Республикасының кеден шекарасы арқылы өткізілетін халықаралық тасымалдаудағы тауарлар мен көлік құралдары бойынша ақпарат алмасу туралы келісімге қол қою мәселелерін қарады. Бұған қоса, Мемлекеттер басшыларына былтырғы жыл ішінде Одақтың халықаралық қызметінің негізгі бағыттарын іске асыру туралы, ЕАЭО-ның үшінші елдермен сауда шарттарын жасасу кезінде қол жеткен нәтижелері мен қажетті шешімдері туралы баяндамалары ұсынылды. Сондай-ақ Мемлекеттер басшылары 2019-2020 жылдарға арналған макроэкономикалық саясаттың негізгі бағдарларын белгіледі.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті кеңейтілген форматта сөйлеген сөзінде ЕАЭО стратегиялық контурын кеңейту және интеграция идеясын күшейту қажеттігін атап өтіп, Еуразиялық кеңістікте интеграциялық процестерді одан әрі дамытудың жаңа пайымын ұсынды. Елбасы ЕАЭО-ның Еуразиялық экономикалық одақпен, Еуропалық Одақпен, Шанхай ынтымақтастық ұйымымен және АСЕАН-мен толыққанды экономикалық ынтымақтастығын жолға қоюдың, сондай-ақ инфрақұрылым мен логистика бөлігінде ЕЭО әлеуетін ажырамас жалғастыру ретінде қабылдануы тиіс «Бір белдеу, бір жол» Қытай бастамасының шеңберінде ірі бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды пысықтау және іске асыру бойынша жұмыстарды жылдамдатудың маңыздылығына назар аударды.

Отырыс барысында ЕАЭО-ның Өнеркәсіп саясаты жөніндегі кеңесті – қосалқы органды құру туралы Жоғары кеңестің шешімі қабылданды. Сондай-ақ картография, макршрейдерлік түсіру мен метеорология саласындағы қызметтердің ортақ нарығын құруға мүмкіндік жасайтын ЕАЭО шеңберінде қызметтердің жекелеген секторлары бойынша ырықтандыру туралы өкім қабылданды.

Бұған қоса, ортақ энергетикалық нарықты қалыптастыруға байланысты мәселелерді, ЕАЭО-ның кеден аумағына әкелінген тауарларды қадағалау тетіктерін реттейтін бірқатар халықаралық шарттарға, сондай-ақ ЕАЭО туралы шартқа және ЕАЭО Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттамаларға қол қойылды.

ЕАЭО-ның кеден аумағына әкелінген тауарларды қадағалау тетігі туралы келісімге қол қою кеден мен салық төлемдерін төлеуден жалтарудың әртүрлі нобайларын пайдалануға жол бермейтін шарттарды құрайды, сондай-ақ тауарлардың айналымына байланысты операцияларды бақылауды қамтамасыз етеді.

Кездесу достық пен өзара түсіністік күйінде өтті. Барлық мәселелер бойынша өзара тиімді шешімдер қабылданды. Жоғары кеңестің кезекті отырысын 2019 жылғы 1 қазанда Ереван қаласында (Армения Республикасы) өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Саммит қорытындысы бойынша 21 халықаралық құжат қабылданды және қол қойылды.

Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Президенттері 2014 жылғы 29 мамырда Астана қаласында қол қойды. Шарт 2015 жылғы 1 қаңтарда күшіне енді

ЕАЭО мүшелері Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей болып табылады.

Алдын ала мәліметтер бойынша, Қазақстан Республикасының ЕАЭО мемлекеттерімен өзара сауда көлемі 2018 жылдың қаңтар-желтоқсан аралығында ақшалай баламада 19 млрд. 114,4 млн. АҚШ долларын құрады.


Қосылған : 29.05.2019, 18:30, Өзгертілген : 29.05.2019, 18:30