Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу тәртібі туралы ақпарат

Қазақстан Республикасынан тыс тұрақты тұруға рұқсат алу тәртібі «Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 наурыздағы №361 Қаулысымен (әрі қарай - Қаулы) реттеледі.

Қаулының 5 тармағына сәйкес Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кету ішкі істер органдары шығуға арналған құжаттарды ресімдегеннен кейін жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету туралы өтiнiштi он сегіз жасқа толған адамдар, ал некеде тұрған адамдар он алты жастан бере алады. Балалардың және сот әрекетке қабiлетсіз деп таныған азаматтардың құжаттарын олардың заңды өкiлдерi (ата-аналары, қамқоршылары, қорғаншылары) бередi.

Еліміздің аумағында орналасқан Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету үшiн Қазақстан Республикасы азаматтарының өздерi немесе олардың заңды өкiлдерi тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарына мынадай құжаттарды ұсынады:

1) өтiнiш-сауалнама;

2) Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлiгi мен паспорты, он алты жасқа толмаған балалардың туу туралы куәлігі;

3) кететін адамдардан алименттер алуға заң бойынша құқығы бар Қазақстан Республикасында тұратын адамдардың (ата-аналары, ортақ некеден кәмелет жасқа толмаған балалары бар болса, бұрынғы жұбайлар және басқалар) кетуге қарсы еместiгi туралы нотариалды куәландырылған өтiнiшi. Өтiнiш беруші қандай да болсын себеппен мұндай өтiнiштердi ала алмаған жағдайда, мәселе сот тәртiбiмен шешiледi;

4) әскери есептен шығарылғаны және әскери билеттi тапсырғаны туралы анықтама;

5) ата-анасымен не өзге де заңды өкiлдерімен кету туралы шешiм қабылданған кезде он жасқа толған баланың пiкiрiн есепке алуы туралы қорғаншылық және қамқоршылық органдарының қорытындысы;

6) он сегіз жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматтары ата-анасының бiрiмен (қамқоршысымен, қорғаншысымен) бiрге тұрақты тұруға кету кезінде Қазақстан Республикасының аумағында тұратын екiншi ата-анасының нотариалды түрде расталған келiсiмi. Ата-анасының бiрiнiң келiсiмi болмаған кезде, кәмелетке толмағанның кетуі сот тәртiбiмен шешiледi;

7) бюджетке мемлекеттiк баждың төленгенiн растайтын құжаттың көшiрмесi.

Қаулының 10 тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасынан тыс жерге уақытша жұмыстармен кеткен және сол жерде тұрақты тұрғылықты тұруға ниет бiлдiрген Қазақстан Республикасының азаматтары Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемелеріне өтініш білдіреді. Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:

1. өтініш-сауалнама;

2. келген елдің құзыретті органдары берген тұрақты тұрғылықты тұруға рұқсат;

3. мөлшері 4мм х 5мм 2 фотосурет;

4. Қазақстан Республикасының азаматы паспортының көшірмесі;

5. жеке куәлігі;

6. он сегіз жасқа толмаған Қазақстан Республикасының азаматтары ата-анасының бiрімен (қамқоршысымен, қорғаншысымен) бiрге тұрақты тұруға қалған кезде Қазақстан Республикасының аумағында тұратын екiншi ата-анасының нотариалды түрде расталған келiсiмi. Ата-анасының бiрiнiң келiсiмi болмаған кезде, кәмелет жасқа толмағанның кетуі сот тәртiбiмен шешiледi.

Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі болмаған, жоғалған немесе қолданылу мерзімі өткен жағдайда өтініш беруші түсініктеме береді.

Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері құжаттар қоса берілген өтінішті Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу үшін өтініш берушінің Қазақстан Республикасындағы соңғы тіркелген жері бойынша уәкілетті органға жібереді. Ішкі істер органы келіп түскен құжаттарды қарайды және өтініш берген сәтте Қазақстан Республикасының аумағында өтініш берушінің тұрақты тіркеуінің болуына қарамастан, Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге рұқсатты ресімдеу туралы шешім қабылдайды.

- See more at: http://mfa.greengo.kz/kz/abudhabi/content-view/spravocnaa-informacia-o-poradke-oformlenia-dokumentov-na-vyezd-za-predely-respubliki-kazahstan-na-postoannoe-mesto-zitelstvo-7#sthash.7HZTbKCy.dpuf
Қосылған : 10.04.2017, 14:50, Өзгертілген : 12.04.2017, 05:25