БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Малидегі қауіпсіздік жағдайын қарастырды

2018 жылғы 23 қаңтарда Қазақстанның төрағалығымен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Малидегі ахуал мәселелері қарастырылған ашық брифинг өткізілді.

Отырыс барысында БҰҰ Бас хатшысының Бейбітшілікті қолдау операциялары жөніндегі орынбасары Жан-Пьер Лакруаның Малидегі қазіргі жағдай туралы, БҰҰ-ның Малидегі ахуалды тұрақтандыру жөніндегі көп салалы кешенді миссиясының қызметі және Малидегі бейбітшілік пен келісім шартының орындалу барысын қамтыған брифинг тыңдалды.

Өз сөзінде Ж-П. Лакруа 2017 жылғы 20 қыркүйекте қақтығыс тараптары әскери іс-қимылдарды тоқтату туралы міндеттеме қабылдағанын еске салып, Бейбітшілік келісімінің мерзімін 2018 жылғы наурыздың соңына дейін ұзартудың жаңартылған кестесін мақұлдауды қолдады. Сонымен қатар, саяси, институционалдық, қорғаныс, қауіпсіздік, әділеттілік және экономикалық даму, сондай-ақ негізгі қызметтерді ұсыну саласындағы келісімдердің бірқатар ережелерін жүзеге асырудағы қол жеткізілген прогресті атап өтті.

Сонымен қатар, Ж-П. Лакруа террористік топтардың қауіпсіздік күштері, Малидегі жағдайды тұрақтандыру жөніндегі көп салалы кешенді миссиясының бітімгерлері және солтүстік аймақтарындағы азаматтарға жасаған ассиметриялық шабуылдардың артуы нәтижесінде Малидегі қауіпсіздік жағдайының нашарлағанын атап өтті. Кеңес мүшелері тараптар арасындағы қақтығыстардың тоқтатылуын және келісімді орындаудың жаңартылған кестесінің қабылдануын атап өтті. Сондай-ақ аталған құжатты жүзеге асырудағы, атап айтқанда, орталықсыздандыру, қарусыздандыру, демобилизация және реинтеграция мәселелері бойынша кешігулерге алаңдаушылық білдірді. Делегациялар елдегі нашар гуманитарлық жағдайға, сондай-ақ, азаматтық, әскери және бітімгершілерге жасалған террористік актілердің күшеюіне алаңдаушылық білдірді. Осыған орай, спикерлер Мали үкіметі және миссияның басқа қатысушыларын терроризмге қарсы күресті жалғастыруға және елде бейбітшілік орнатуға шақырды.

Қазақстан делегациясы ашық брифинг барысында қауіпсіздікті нығайту шаралары ұзақ мерзімді тұрақты қаржыландыру, сондай-ақ елдің орталық және солтүстік өңірлерінің даму стратегиясымен бекітілген, кешенді және келісілген түрде экономикалық дамуына жәрдемдесумен жүзеге асырылуы тиіс екенін атап өтті.

Сонымен қатар, отырысқа елдегі қақтығысты бейбіт жолмен шешу баламасының жоқтығын растаған және жаңадан құрылған үкімет елдегі жағдайды тұрақтандыру үшін барлық күштерін салатындығын атап өткен Мали Республикасының Сыртқы істер министрі Тиеман Кулибали қатысты.

Қосылған : 24.01.2018, 17:05, Өзгертілген : 24.01.2018, 17:05