Астана процесінің шеңберінде Сирия жөнінде төртінші Халықаралық кездесудің қорытындылары туралы

3-4 мамырда Қазақстанның елордасында Сирия бойынша Астана процесінің шеңберінде жоғары деңгейдегі төртінші халықаралық кездесу өтті. Келіссөздерге Сирия үкіметінің, Сирия қаруланған оппозициясының, ұрыс іс-қимылдарын тоқтату режимінің гаранттары – Иран Ислам Республикасы, Ресей Федерациясы мен Түркия Республикасының делегациялары және Біріккен Ұлттар Ұйымы, Иордан Хашимит Корольдігі мен Америка Құрама Штаттарының жоғары деңгейлі өкілдері қатысты.

Екікүндік кездесудің қорытындылары барлық тараптардың қатысуымен өткен пленарлық отырыста жасалды. Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов өз сөзінде Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қатысуымен және толық қолдауымен басталған Астана процесі женевалық форматты мазмұнды толықтыратын маңызды келіссөздер алаңшасына айналғанын атап өтті.

«Наурызда Астанада өткен келіссөздердің үшінші раундынан бері Сириядағы шиеленістің айтарлықтай асқынып, бірқатар қайғылы оқиғалар орын алғаны мәлім. Бұл жағдайда Астана процесінің маңызы одан сайын артты», - деді министр. Осыған байланысты, Қ. Әбдірахманов Сирия бойынша Астанадағы халықаралық кездесудің төртінші раундына кепілгер-мемлекеттер мен барлық мүдделі тараптардың қатысуының жоғары деңгейін ерекше атап өтті.

Сириядағы зорлық-зомбылықты тоқтату, бірлік пен аумақтық біртұтастықты сақтау, сондай-ақ, жанжалды саяси реттеуге бағытталған «Сириядағы жанжалды тежеу аймақтарын құру туралы меморандумға» кепілгер-мемлекеттердің қол қою кездесудің басты нәтижесі болды.

Қол қойылған құжатта Идлиб провинциясын және Латакия, Хама мен Алеппо провинцияларының бөлігін және Гутаның шығысы мен Хомстан солтүстік бағыттағы өңірлерді қамтитын төрт қауіпсіздік аймақтары шегінде даулас тараптар арасында ұрыс іс-қимылдарын тоқтату мен авиациямен қоса барлық қару түрлерін пайдалануға тыйым салу міндеттілігі, гуманитарлық көмек пен дәрі-дәрмектер жеткізу қамтамасыз етілетіндігі, халық қажеттіліктері үшін негізгі инфрақұрылымды қалпына келтіру мен босқындардың еркін және қауіпсіз қайта оралуы мен т.б. үшін жағдай жасалатындығы белгіленген.

Астанадағы кездесуде қатысушылар күшпен ұсталып отырған адамдармен алмасу жөніндегі жұмыс тобын құру мәселелерін қарастырып, тиісті құжаттың жобасын талқылады.

Кепілгер-мемлекеттер Сирияның егемендігі, тәуелсіздігі, бірлігі мен аумақтық біртұтастығына өз бейілдіктерін және сириялық жанжалды саяси жолмен ғана шешу мүмкін екендігіне сенімдерін растады.

Сондай-ақ, Астанада Сирия бойынша Халықаралық кездесудің ұйымдастырылуына байланысты келіссөздер қатысушылары Қазақстан Президенті Н.Назарбаевқа және еліміздің Үкіметіне өз ризашылықтарын білдірді.

Тараптар жоғары деңгейдегі келесі кездесуді 2017 жылғы шілде айының ортасында Астанада және оған дейінгі екі апталық мерзімде сарапшылар деңгейіндегі алдын-ала консультацияларды Анкарада өткізу туралы шешім қабылдады.

Қазақстан Сирия бойынша Астанада өткен төртінші Халықаралық кездесудің қорытындыларын Сирияда бейбітшілік орнату жолындағы кезекті сапалы қадам ретінде бағалап, барлық тараптарды бүкіл келісімдерді орындауға шақырады және сириялық жанжалды саяси реттеудің әртүрлі жолдарын іздестіру бағытындағы халықаралық күш-жігерлерге, оның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде, өз үлесін одан әрі қосуды жалғастыруға әзірлігін растайды.


Қосылған : 29.05.2017, 10:15, Өзгертілген : 29.05.2017, 10:15