Қазақстан төраға ретінде БҰҰ ҚК-де алғаш рет Ауғанстан мен Орталық Азия бойынша министрлік пікірталасты өткізді

Нью-Йорк, 2018 жыл 19 қаңтар - Қазақстанның төрағалық етуімен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде алғаш рет «Қауіпсіздік пен дамудың өзара тәуелділік үлгісі ретінде Ауғанстан мен Орталық Азияда өңірлік әріптестікті құру» тақырыбында министрлік деңгейіндегі пікірталастар өтті.

Іс-шараға Орталық Азия елдерінің сыртқы саясатының тізгінін ұстаған ведомство басшылары мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері, сонымен бірге БҰҰ Бас хатшысы мен Ауғанстанның Сыртқы істер министрінің орынбасары қатысты.

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов аталған жиында сөз сөйлеп, Қазақстанның БҰҰ ҚК-де өз жұмысын бастауына байланысты Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайту жөніндегі Қазақстанның тұжырымдамалық көзқарасы» атты өзінің жолдауында жеті басымдықты ерекше бөліп көрсеткенін атап өтті. Аталған жеті басымдықтың бірі - Орталық Азия мен Ауғанстанды бейбітшіліктің, ынтымақтастық пен қауіпсіздіктің үлгілі аумағына айналдыру болып табылады. Қауіпсіздік Кеңесінде еліміздің тұрақты емес мүшелігінің тағы бір басымдығы ретінде Мемлекет басшысы өзара тәуелділік, қауіпсіздік пен даму тұжырымдамасын насихаттау арқылы ұзақ мерзімді тұрақтылық пен мығым бейбітшілікке жәрдемдесуді атады.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Орталық Азия елдері мен Ауғанстанның өңірлік бастамасына жоғары баға берді, атап айтқанда су ресурсын басқару, энергетика, инфрақұрылым мен білім саласындағы бастамалар, сондай-ақ Ұйым осындай ынтымақтастықтарға қолдау білдіретінін жеткізді. А. Гутерриш сонымен бірге, Президент Н.Назарбаевтың еліміздегі оқу орындарында 1 мыңға жуық ауған жастарын оқыту бастамасын ерекше атап өтті. БҰҰ Бас хатшысының пайымдауынша, мемлекеттердің трансшекаралық қылмысқа, наркотрафикке, сонымен қатар терроризмге қарсы күреске бірлесе күш салуы, әсіресе БҰҰ Жаһандық контртеррористік стратегиясының жүзеге асырылуына ерекше мән беруі аса маңызды.

Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қауіпсіздік Кеңесі алаңында Орталық Азия елдерінің мүддесін алға жылжыту тұрғысында «Қазақстанның жауапкершілігі мол әрі үлгілі бастамасын» құптады. Сонымен бірге ол Ауғанстанда есірткі заттарының көптеп өндірілуіне халықаралық бірлестіктер алаңдаушылық білдіріп отырғанын айтып, осы қауіптің жолын кесу үшін жедел шараларды қолға алуға шақырды. Оның пайымдауынша, аталған елдегі ахуал өңірлік мемлекеттер мен халықаралық бірлестіктердің кешенді тұрғыдағы жұмысын талап етеді.

АҚШ Мемлекеттік хатшысының бірінші орынбасары Джон Салливан өз сөзінде халықаралық бірлестіктер Ауғанстан үкіметі мен ауған басшылығының сөзіне құлақ аспай отырған талибтардың арасында келіссөздердің жүргізілуіне жәрдем ету керектігін айтты. Оның ойынша, «Талибан» қозғалысын барлық ресурстардан айырып, шешім жолы тек қана келіссөз үстелі екеніне көз жеткіздіру үшін бірлесе жұмыс атқару керек.

Қауіпсіздік Кеңесінде сөз сөйлеген Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түрікменстан елдерінің делегация басшылары ұзақ мерзімді бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау үшін барлық қауіпсіздік мәселелерін шешу жолында Ауғанстанға экономикалық тұрғыда әсер етудің маңыздылығын растады. Орталық Азия елдерінің өкілдері Ауғанстанмен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты орнатуға пейілді екендіктерін білдірді. Өңірдегі елдердің Ауғанстанмен сауда-экономикалық байланысты тереңдетудің және кеңейтудің сәтті үлгілері айтылды.

Министрліктер дебатының қорытындысы Орталық Азия мемлекеттерінің Ауғанстанмен көлік-транзиттік, инфрақұрылымдық, сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық салада нақты аймақтық жобаларды іске асырып, қарым-қатынасты нығайтуға дайын екендіктерін көрсетті. Олар Ауғанстанға қауіп ретінде емес, ашылмаған әлеуеті зор маңызды әрі келешегі кемел серіктес ретінде қараған дұрыс деп айтты.

Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттердің өкілдері Ауғанстандағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуда Астананың салған күш-жігеріне ерекше баға берді. Сонымен қатар, Қазақстанның бастамасы бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің Ауғанстанға 2010 жылы жасаған тұңғыш сапарына баса назар аударылды. Дәл сол кезеңде Кеңес мүшелері сонда барған адамдардың қолынан бірінші ақпаратты алған болатын. Сапар барысы Ауғанстандағы даму серпінін мейлінше терең әрі жан-жақты түсінуге септік болды, сондай-ақ Кеңесті Орталық Азия елдерімен байланысын кеңейту үшін Қабылға көмек беру қажеттілігіне көндірген болатын және осы қайғы-қасіретті шеккен елдің проблемаларын шешу үшін қауіпсіздік пен даму және «Бірлескен БҰҰ» қағидаттары бір-бірімен тығыз байланысты екені аталды.

Пікірталастардың қорытындысы бойынша БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының Мәлімдемесі барлық мүшелердің бірауыздан қолдауына ие болды. Ол халықаралық қауымдастықты өңірлік ынтымақтастықты нығайта отырып, превентивті дипломатияның құралдарын неғұрлым тиімді қолдана отырып Ауғанстанға көмек беруге шақырады. Аталған әдіс Орталық Азияда бейбітшілікке ден қойған, ынтымақтығы жарасқан, өркендеген аймақты құруға арналған.

Қосылған : 20.01.2018, 13:15, Өзгертілген : 20.01.2018, 13:15