Румынияда саяхат жасап жүрушілер үшін қысқа нұсқаулық

Румыния – жыл бойы туристер келетін ел. Қайталанбас ерекшелігіне, өзіндік мәдениетке, орта ғасырлық Трансильвания қалаларына және өте жайлы климатқа ие. Табиғат Румынияға ғаламат таулар, мөлдір көлдер және ғажайып төбе баурайларын тарту еткен.

Құжаттар және виза

Қазақстан азаматтары Румыния аумағына кіруі үшін румын кіру визасын алуы қажет. Румын дипломатиялық өкілдіктеріне визаға құжаттарды тапсыру үшін өтінішкерлер 2016 жылғы 1 ақпаннан бастап міндетті түрде www.eviza.ro Визалық Порталы (E-VISA) арқылы өздерінің өтініштерін тіркеуі тиіс. Онлайн тіркеу аяқталғаннан кейін Румыния Елшілігінің Консулдық бөлімі сіздің электрондық поштаға құжаттарды тапсыру уақыты туралы ақпарат жолдайды. Румынияға виза алу туралы толығырақ ақпаратты Румыния Елшілігінің сайтында «консулдық сұрақтар» бөлімінен алуға болады.

Визалық тәртіптің кейбір ерекшеліктері

2014 жылғы 1 ақпаннан бастап Румыния аумағына екі, үш немесе көп мәртелі шенген визаларымен кіруге болады, алайда шенген тәртібі бойынша белгіленген кіру саны мен болу ұзақтығы аяқталмауы тиіс (№109/2013 Румыния Үкіметінің Қаулысы).

Сонымен қатар, 2014 жылғы 11 шілдеден бастап Румыния аумағына қысқа мерзімге кіру үшін Хорватия, Болгария және Кипрмен берілген екі немесе көп мәртелік виза, сондай-ақ ұзақ мерзімді виза және тұруға ықтиярхат иелері румын визасын рәсімдеуден босатылады (№565/2014 Еуропалық Парламент пен Еуропа Кеңесінің шешімі).

Назар аударыңыз! Румыния ЕО құрамына кіреді, алайда шенген келісімінің қатысушы елі емес, сондықтан румын визасымен Шенген аймағына кіруге тыйым салынады!

Әуежай

Елдің ең ірі әуежайы – бас қаласы Бухарестте орналасқан Генри Коанда атындағы халықаралық әуежай. Ол Румыния Көлік министрлігінің қарамағындағы Бухарест Әуежай Компаниясына бағынады.

Әуежай Бухарест орталығынан солтүстікте шамамен 20 км қашықтықта орналасқан, айта кететіні бұл екі пункт DN1 ұлттық жолымен байланысқан. Әуежайдан Бухарестке дейін жету үшін автобус, такси немесе жалға алынған автокөлікті пайдалануға болады. Бухарест пен Генри Коанда әуежайы арасында екі экспресс-автобус бағыттары жүреді: 780 және 783. Олар келу және кету терминалдарының алдында тоқтайды, ал жол жүру билетін сату пункті келу терминалының алдында орналасқан. Келу терминалының алдындағы арнайы бөлінген аумақтарда көптеген таксилер орналасқан. Сонымен қатар, елге келгенде туристер автокөлікті жалға ала алады. Автокөлікті жалға беру қызметін ұсынатын компаниялар келу және кету терминалдарында табуға болады.

Румыния ішінде саяхат жасау

Румынияда шоссе немесе жылдам жолдар көп емес, сондықтан автокөлікпен жол жүру ұзақ қашықтыққа шығуға үйренген шетел туристері үшін қиын болуы мүмкін. Елді мекендерде жылдамдық тәртібі 50 км/сағ. деңгейінде, ал автомагистральде 130 км/сағ. құрайды.

Қысқа қашықтыққа пойызбен жол жүру – жақсы шешім болып табылады. Айтпақшы, Румынияда пойыздар біршама баяу жылдамдықпен жүреді.

Ал, ұзақ қашықтыққа әуекөлікпен жолға жүру ең жақсы идея. Blue Air, Tarom, Wizz Air және Ryanair әуекомпаниялары Бухарест, Тимишоара, Клуж, Яссы, Бакэу және Констанца секілді қалаларды байланыстыратын ішкі рейстерді жүзеге асырады.

Валюта

Румыниядағы жергілікті валюта – лей (RON). Әуежайларда, вокзалдарда, сондай-ақ қалаларда валюта айырбастау орындары жеткілікті. Банк карточкасынан ақша алу үшін банкоматтарды оңай табуға болады, ондай кезде банк пайыздарының алынуы туралы ұмытпау керек. Қажет болған жағдайда, өзіңізбен бірге қолма-қол ақша ұстап жүргеніңіз жақсы, себебі, кейбір кішігірім саудагерлер бірыңғай қолма-қол ақша қабылдайды. Сонымен бірге, карточкамен ауылдарда төлеу қиынға соғады.

Интернет

Румыния – әлемнің ең жылдам Интернеті бар елдердің бірі, сондықтан, туристер елге келгенде бұл туралы алаңдамаса болады. Румынияның ірі байланыс операторлары - Orange, Vodafone, Telekom және RCS & RDS.
Wi-Fi желісі барлық қоғамдық жерлерде қол жетімді (кафе, мейрамхана, қонақүй, пойыз және т.б.).

Төтенше жағдай болғанда кімге телефон шалу керек

Румыниядағы жедел-жәрдем қызметінің жалғыз нөмірі – 112. Оған ақысыз және кез келген қалалық немесе мобильдік телефондар арқылы хабарласуға болады. 112-ге хабарласып, жедел-жәрдем, SMURD - апаттан құтқару қызметі, полиция және өрт сөндіру қызметі секілді мекемелерден мамандандырылған көмек алуға болады.

Сондай-ақ, медициналық көмек алу үшін мемлекеттік және жеке ауруханаларға баруға болады. Румыниядағы жеке ауруханалардың ірі желілері - MedLife, Regina Maria или Medicover. Румынияның қалаларында дәрігердің дәріқағазысыз қажетті дәрі-дәрмек алуаға болатын көптеген дәріханалар бар.

Адамдары

Румындар өздерінің жылы шырай және ықыласымен танымал. Шетелдік қонақтармен жергілікті дәстүрімен және тағамдарымен бөлісуді ұнатады. Оған қоса, жергілікті халықтың көпшілігі шет тілдерін біледі, әсіресе, ағылшын тілін ұғады, сондықтан олармен тілдесу оңай. Румындардың көпшілігі діндар, өздерінің әдет-ғұрыптарын бағалайтын адамдар.

Қосылған : 21.09.2018, 18:30, Өзгертілген : 21.09.2018, 18:30