Қазақстан - НАТО

Қазақстан Республикасы және НАТО арасындағы ынтымақтастық 1994 жылы қол қойылған «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» (БЖС) бағдарламасына негізделеді.

Қазақстанның БЖС бағдарламасының шеңберіндегі ынтымақтастығы НАТО-мен ықпалдастық бағыттарын қамтиды, оған әскери жоспарлау үдерістеріндегі жариялылық, қарулы күштерге және қорғаныс құрылымдарына демократиялық бақылау жасау, БҰҰ аясындағы және НАТО шеңберіндегі операцияларға үлес қосу үшін әскери дайындық пен қажетті әлеуетті қолдау, келешекте НАТО күштерімен ықпалдаса алатын күштер құру, гуманитарлық, бітімгерлік және басқа операцияларды өткізу қабілетін көтеру үшін оқу-жауынгерлік дайындық пен жаттығулар өткізуді жоспарлауды бірлесіп жүзеге асыру мақсатында НАТО-мен әскери ынтымақтастықты дамыту және т.б. енеді.

Осы бағыттағы бірлескен жұмыс Серіктестік іс-қимылдарының жеке жоспары (СІЖЖ), Жоспарлау және талдау үдерісі (ЖТҮ) және Жедел әлеует тұжырымдамасы (ЖӘТ) бағдарламаларының аясында жүзеге асырылады.

Алғашқы кезеңі 2006 жылғы 31 қаңтарда қабылданған Серіктестік іс-қимылдарының жеке жоспары (СІЖЖ) шеңберінде Қазақстан мен НАТО арасындағы өзара әрекеттестіктің барлық салалары іске асырылады. Оған саясат, төтенше азаматтық жоспарлау, ғылым мен әскери әрекеттестік бағыттары енгізілген.

Қазақстан Жоспарлау және талдау үдерісі (ЖТҮ) бағдарламасына 2002 жылдан бері қатысады. ЖТҮ бітімгерлікті қолдау операцияларын қоса алғанда, НАТО күштерімен көпұлттық деңгейде ықпалдаса отырып жаттығулар мен операциялар өткізуге қатыса алатын күштер мен құралдарды бағалау мен құрамын анықтауға негіз беруге бағытталған. "Серіктестік мақсаттарын" айқындау мен жүзеге асыру арқылы НАТО елдерінің ҚК бөлімшелерімен ықпалдасу арқылы ҚР ҚК бөлімшелерінің қабілеттерін арттыруға шаралар қабылданады.

Серіктестік мақсаттары топтамасы келесі мәселелерді қамтиды:

- ҚР ҚК трансформациясы мен қорғаныс жоспарлауы;

- бітімгерлік контингентін НАТО стандарттары бойынша әзірлеу мен жабдықтау;

- тілдік дайындық;

- штабтық офицерлерді оқыту;

- шекаралық қауіпсіздік мәселелері;

- төтенше жағдайлардағы қимылдау мәселелері.

2004 жылдың қаңтарында Қазақстан Жедел әлеует тұжырымдамасы (ЖӘТ) бағдарламасына қосылды. Бағдарлама серіктес елдердің бітімгерлік күштерінің НАТО елдерінің қарулы күштерімен ықпалдасуға әзірлік деңгейін бағалау тетіктерін қарастырады. ЖӘТ өз кезегінде ЖТҮ аясында жасалған бағалауды толықтырып, бағаланған күштердің әскери тиімділігін арттыруға көмектеседі.

Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің бітімгерлік құрамын дамыту аясында Құрылық әскерлерінің Әскери институтының "Бейбітшілік жолындағы серіктестік" оқу орталығының базасында (ҚАЗЦЕНТ) НАТО елдері мен серіктестерінің және Қазақстан жауынгерлерінің қатысуымен "Бітімгерлік операциялардың құқықтық қырлары" және "Операцияларды жоспарлау үдерісі" семинарлары, "Көпұлттық операциялардағы ағылшын тілінің әскери терминологиясы" және "НАТО штабтық процедуралары" курстары сияқты іс-шаралар өткізіледі.

НАТО-мен ынтымақтастықтың басым бағыттары:

- Серіктестік іс-қимылдарының жеке жоспары (СІЖЖ) аясындағы ынтымақтастық;

- Жоспарлау және талдау үдерісі (ЖТҮ) аясындағы ынтымақтастық, бұл бағдарламаны қорғаныс жоспарлауының құралы ретінде пайдалану, доктриналық құжаттарды жасаудағы консультациялар мен қолғабыс;

- Серіктестік мақсаттарын тиімді іске асыру үшін іс-шаралар сапасын көтеру;

- Қазақстан мен НАТО елдерінің (серіктестердің) әскери оқу орындарының арасындағы ынтымақтастық, НАТО тарапынан кәсіпқой дайындық пен білім берудегі консультациялар;

- НАТО стандарттарын ескере отырып әскери білім беру жүйесін реформалаудағы консультациялар, әскери кадрлерді даярлауда қолғабыс;

- "Дала қыраны" жаттығуларын "Бейбітшілік жолындағы серіктестік" рухында өткізу;

- КАЗЦЕНТ курстарын аккредитациялау;

- "Казбригті" Жедел әлеует тұжырымдамасы тетіктеріне сәйкес дайындау, оның әзірлік деңгейін анықтауға сарапшылар тобын шақыру, одан кейін Альянс бөлімшелерімен жедел ықпалдастық деңгейін көтеру және теориялық машықтарды іс жүзінде орындау үшін НАТО жаттығуларына қатысу;

- Аэроұтқыр және инженерлік әскерлерді техника мен құралдардың заманауи үлгілерімен жабдықтау.

Қосылған : 21.03.2017, 09:00, Өзгертілген : 21.03.2017, 09:05