Қазақстан - Еуропалық Одақ

Жалпы мәліметтер

1993 ж. 2 ақпан – Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ (ЕО) арасында дипломатиялық қатынастар орнатылды.

1993 ж. желтоқсанда Брюссельде ҚР-ның ЕО жанындағы өкілдігі ашылды.

1994 ж. қарашада Алматыда Еуропалық Комиссияның (ЕК) ҚР-дағы өкілдігі ашылды.

2018 ж. 22 мамырда Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігіндегі Елшісі болып Айгүл Құспан тағайындалды.

2018 жылдан бастап А.Құспан Еуропалық Одақ жанындағы Қазақстан Республикасы өкілдігінің басшысы болып табылады.

Саяси қатынастар

Еуропалық Одақ Қазақстанның басты саяси және экономикалық серіктестерінің бірі болып табылады.

2015 жылғы 21 желтоқсанда қол қойылған ҚР мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім мен жаңартылған Процедуралар ережесіне сәйкес ҚР мен ЕО арасындағы ынтымақтастықтың жаңа құрылымдық архитектурасы қарастырылған:

- Ынтымақтастық кеңесі;

- «Жай конфигурациядағы» Ынтымақтастық комитеті;

- «Сауда конфигурациядағы» Ынтымақтастық комитеті.

Сарапшылар деңгейінде үш Кіші комитет жұмыс істейді:

-Сот әділдігі, бостандық және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі кіші комитеті және оның аясында Адам құқықтары бойынша диалогы;

-Энергетика, көлік, қоршаған орта және климаттың өзгеруі жөніндегі кіші комитеті;

-Кеден істері жөніндегі кіші комитеті.

Сонымен қатар екіжақты парламенттік ынтымақтастық аясында:

-Парламенттік ынтымақтастық комитеті жұмыс жасайды.

Аймақтық тұрғыда тараптар ЕО-ның Орталық Азия (ОА) бойынша стратегиясы шеңберінде әрекеттеседі (2007 ж. күшіне енді) (қазіргі уақытта Стратегияның екінші кезеңі іске асырылуда). «Еуропалық Одақ - Орталық Азия» форматында сыртқы істер министрлері деңгейінде жыл сайынғы диалог орнатылған.

ЕО-ОА Сыртқы істер министрлерінің он кездесуі өтті: Астана (2007 ж.), Ашхабад (2008 ж.), Душанбе (2009 ж.), Брюссель (2010 ж.), Ташкент (2011 ж.), Бишкек (2012 ж.), Брюссель (2013 ж.), Астана (2015ж.), Брюссель (2016 ж.), Самарканд (2017 ж.).

Қазақстан қауіпсіздік мәселелері бойынша жоғарғы деңгейдегі ЕО-ОА жеке диалогын ұйымдастыру туралы ЕО бастамасын да қолдады. Бұл Диалогтың 1-ші отырыс 2013 жылы Брюссельде, 2-ші отырыс 2015 жылы Душанбеде, 3-ші отырыс 2016 жылы Брюссельде, 4-ші отырыс 2017 жылы Бішкекте, 5-ші отырыс 2018 жылы Ашхабадта өтті. Келесі кездесу 2019 жылы Брюссельде өтеді.

Аса жоғары және жоғары деңгейдегі сапарлар

Қазақстан Республикасы Президентінің Брюссельге тоғыз сапары болып, (1993 ж. ақпан, 2000 ж. маусым, 2002 ж. қараша, 2006 ж. желтоқсан, 2010 ж. сәуір мен қазан, 2014 ж. қазан, 2016 ж. наурыз, 2018 ж. қазан) олардың барысында Еуропалық Одақ басшылығымен келіссөздер өткізілді.

ҚР Президентінің ЕО басшылығымен кездесулері әртүрлі халықаралық форумдар аясында да болып жатады (Еуропалық Комиссия Президенті Ж.М.Баррозумен 2010 ж. 20 қарашада Лиссабондағы НАТО саммитінде, 2011 ж. 19 сәуірде Киев ядролық саммитінде, 2014 ж. 24 қаңтарда Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумда, Еуропалық Комиссия Президенті Ж.-К.Юнкермен 2016 ж. 4 қыркүйекте «G20» саммитінде, сондай-ақ 2018 жылғы 19 қазанда Брюссельдегі "Азия-Еуропа" форумының (АСЕМ) 12-ші саммиті шеңберінде Еуропалық комиссияның Президенті Ж.-К. Юнкермен кездесулер өткізілді).

2010 ж. 1-2 желтоқсанда Еуропалық Кеңестің Президенті Х.Ван Ромпейдің Қазақстанға алғашқы сапары болып, ол Астанадағы ЕҚЫҰ саммитінің жұмысына қатысты.

2012 ж. 2 мамырда Премьер-Министр К.Мәсімов Брюссельде Еуропалық Кеңестің Президенті Х.Ван Ромпеймен, Еуропалық Комиссия Президенті Ж.М.Баррозу және Сауда бойынша Еурокомиссар К.де Гюхтпен кездесті.

2013 ж. 2-3 маусымда Еурокомиссияның Президенті Ж.М.Баррозу Қазақстанға алғашқы ресми сапар жасады.

2014 ж. 8-9 қазанда Елбасының Брюссельге жұмыс сапары жасалып, оның барысында ЕК Президенті Ж.М.Баррозумен кездесу өткізіліп, ҚР-ЕО кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы бойынша келіссөздердің аяқталуы жөніндегі және ҚР мен ЕО арасындағы Қазақстанның ДСҰ-на кіруі туралы келіссөздердің аяқталуы жөніндегі құжаттарға қол қойылды.

2015 ж. 4-5 мамырда Еуропалық Комиссия экс-Президенті Ж.М.Баррозу Астанаға келді. Кездесу барысында ҚР Президенті Н.Назарбаев оны I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады. Сапар аясында Ж.М.Баррозу ҚР Сыртқы істер министрі Е.Идрисов және «Назарбаев университетінің» басшылығымен кездесті.

2016 ж. 30 наурызда Елбасы Брюссельде жұмыс сапарымен болып, оның барысында Еурокомиссия Президенті Ж.-К.Юнкермен және Еуропалық Кеңес Президенті Д.Тускпен кездесті.

2018 ж. 19 қазанда "Азия-Еуропа" форумының (АСЕМ) 12-ші саммиті шеңберінде Мемлекет басшысының Брюссельге жұмыс сапары өтті. Сапар барысында Еуропалық комиссияның Президенті Ж.-К. Юнкермен кездесу өтті).

Сыртқы істер министрлері деңгейіндегі сапарлар

2011 ж. ЕҚЫҰ-ЕО «үштігі» отырысы (18 шілде, Брюссель), сондай-ақ БҰҰ БА 66-шы сессиясы барысында ИЫҰ-ЕО екіжақты кездесу (22 қыркүйек, Нью-Йорк) барысында ҚР Сыртқы істер министрі Е.Қазыханов ЕО Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі К.Эштонмен кездесті.

2012 ж. ҚР Сыртқы істер министрі Е.Қазыханов ЕО Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі К.Эштонмен кездесті (22 қыркүйек, Брюссель).

ЕО Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі, ЕК Вице-президенті К.Эштон Қазақстанға төрт мәрте сапар шекті: ЕҚЫҰ сыртқы істер министрлерінің бейресми отырысына қатысу үшін (2010 ж. 16-17 шілде); Астанаға ресми сапар аясында (2012 ж. 29-30 қарашада); Алматыда өткен ирандық ядролық бағдарлама бойынша Е3+3 келіссөздеріне қатысу үшін (2013 ж. 25-26 ақпан мен 5-6 сәуірде).

2013 ж. 28-30 қаңтарда Брюссельге сапары барысында ҚР Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов ЕК Президенті Ж.М.Баррозумен, ЕСҚҚ Бас хатшысының орынбасары Х.Шмидтпен, ЕО Орталық Азия бойынша арнайы өкілі П.Флормен, Еуропарламенттің вице-президенті О.Караспен және ЕП Орталық Азия жөніндегі делегациясының мүшелерімен кездесті.

2015 ж. 21 желтоқсанда ЕО Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі, ЕК Вице-президенті Ф.Могерини Астанаға алғашқы сапарын шекті. Сапар барысында ол ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімов және ҚР Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысовпен кездесулер өткізіп, сондай-ақ ЕО-ОА министрлер конференциясына қатысты.

2016 ж. ҚР Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов Брюссельге екі мәрте сапар шекті: бірінші рет – ҚР Президенті Н.Назарбаевтың наурыздағы Брюссельге жұмыс сапары аясында; екіншісі – қазанда Ауғанстан бойынша Брюссельдік саммит, ЕО-ОА сыртқы істер министрлерінің кезекті кездесуі және ҚР-ЕО Ынтымақтастық кеңесінің 15-ші отырысына қатысу үшін.

2018 жылғы 25-26 ақпанда ҚР-ЕО ынтымақтастық кеңесінің 16 – шы отырысының жұмысына қатысу үшін ҚР Сыртқы істер министрі К. Абдрахмановтың Брюссельге жұмыс сапары өтті. Сапар аясында ЕО-ның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Ф. Могеринимен, Халықаралық ынтымақтастық және даму жөніндегі Еуропалық комиссар Н.Мимицамен, сондай-ақ, Бельгия Корольдігінің Премьер - Министрдің орынбасары-Сыртқы істер министрі Д. Рейндерспен кездесулер өтті.

2018 жылғы 22-23 қарашада ҚР Сыртқы істер министрі Қ. Әбдірахмановтың Брюссельге "Еуропалық Одақ-Орталық Азия" 14 – ші министрлік конференциясына қатысу үшін сапары өтті. Сапар аясында ЕО-ның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі Ф.Могеринимен және Энергетикалық Хартияның Бас хатшысы У. Руснакпен екіжақты кездесулер өткізілді.

Шарттық-құқықтық база

Қазақстан-еуропа қатынастарының құқықтық негізі болып 1995 ж. 23 қаңтарда Брюссельде ҚР Президенті Н.Назарбаев пен ЕО Кеңесінің Төрағасы А.Жюппе қол қойған Серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісім (СЫК) табылады (күшіне 1999 ж. 1 шілдеде енді).

СЫК-ке қол қойылғаннан бері Қазақстан да, ЕО да маңызды саяси, экономикалық және әлеуметтік өзгерістерге ұшырады, осыған орай тараптар оның орнына осы өзгерістерді ескеретін жаңа негіздік келісім жасасу туралы шешім қабылдады.

2011 ж. маусымда Брюссельде ҚР-ЕО Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы жаңа келісім (КӘЫК) бойынша келіссөздер ресми басталды. 2011 ж. қазаннан 2014 ж. қыркүйек аралығында сегіз ресми келіссөздер раунды өтті. Келіссөздер үрдісінің аяқталғаны туралы саяси мәлімдемеге 2014 жылғы 9 қазанда Елбасының жұмыс сапары барысында Брюссельде қол қойылды.

2015 ж. 21 желтоқсанда ҚР-ЕО Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге ҚР Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысов пен ЕО Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Ф.Могерини оның Қазақстанға сапары барысында қол қойды.

Құжат халықаралық, аймақтық қауіпсіздік, сауда, инвестиция, инфрақұрылым дамуы, сондай-ақ инновация, мәдениет, спорт және туризм сияқты 29 саладағы ықпалдастық бағыттарын қамтиды.

2016 ж. 25 наурызда ҚР Президенті Н.Назарбаев КӘЫК ратификациялау туралы заңға қол қойды.

2016 ж. 1 мамырда ЕО-ның құзыретіне кіретін КӘЫК жекелеген баптарының уақытша қолданысы басталды. Келісім толық күшіне кіру үшін ЕО мүше-мемлекеттерінің барлығы ратификациялау қажет.

Бүгінгі уақытта Еуроодақтың 25 мүше-мемлекеті ратификациялау үдерісін аяқтады (Лавтия – 2016 ж. 8 шілдеде, Словакия – 2016 ж. 30 қыркүйекте, Литва – 2016 ж. 8 қарашада, Чехия – 2016 ж. 14 қарашада, Болгария – 2017 ж. 6 қаңтарда, Польша – 2017 ж. 27 қаңтарда, Венгрия - 2017 ж. 13 ақпанда, Дания – 2017 ж. 16 ақпанда, Австрия – 2017 ж. 25 сәуірде, Финляндия – 2017 ж. 28 сәуірде, Швеция – 2017 ж. 18 мамырда, Словения – 2017 ж. 13 маусымда, Португалия – 2017 ж. 14 шілдеде, Германия – 2017 ж. 23 маусымда, Испания – 2017 ж. 30 маусымда, Румыния – 2017 ж. 3 шілдеде, Бельгия – 2017 ж. 10 қарашада, Грекия – 2017 ж. 28 қараша, Эстония – 2017 ж. 14 желтоқсанда, Люксембург – 2018 ж. 19 наурызда, Мальта – 2018 ж. 20 наурызда, Хорватия – 2018 ж. 18 сәуірде, Франция – 2018 ж. 17 мамырда. Ұлыбритания- 2018 ж. 20 қарашада, Ирландия – 2018 ж. 22 қарашада).

2017 жылғы 12 желтоқсанда Страсбургте Еуропарламент өзінің пленарлық сессиясында көпшілік дауыспен ҚР-ЕО арасындағы КӘЫК-ні бекітуге келісімін берді.

Сауда-экономикалық ынтымақтастық

Сауда-экономикалық байланыстардың жоғары қарқында дамуына қол жеткізілді. ЕО Қазақстанның басты сауда және инвестициялық серіктесі болып табылады. Қазақстанның сыртқы сауда айналымы менндай Қазақстан экономикасына тартылған шетелдік инвестициялардың жартысы ЕО үлесіне тиесілі.

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитетінің деректері бойынша, 2017 жылдың қаңтар - желтоқсан аралығында Қазақстан мен ЕО арасындағы жалпы тауар айналымы 30 млрд. АҚШ долл. құрды (экспорт - 24,3 млрд.долл., импорт – 5,7 млрд.долл.). Бұл 60,2 млрд. долл. көлеміндегі ҚР-дің жалпы сыртқы суда айналымының 49,8% сәйкес келеді. 2016 жылы ЕО мүше-елдерімен сауда айналымының көлемі 24,1 млрд. долл құрған (экспорт - 18,4 млрд.долл., импорт – 5,7 млрд.долл.), ол 48,3 млрд. долл. көлеміндегі ҚР-дің жалпы сыртқы суда айналымының 50% сәйкес болды.

2018 жылы тауар айналымы 37,7 млрд. АҚШ долл. құрды (экспорт – 31 млрд.долл., импорт – 6,7 млрд.долл.).

ҚР Ұлттық банк деректері бойынша, 2017 жылы ҚР экономикасына 20,7 млрд. долл. көлемінде барлық тартылған тікелей инвестициялардың 9,8 млрд. долл. инвестициялары ЕО елдерінен келді.

2018 жылдың 6 айының ішінде 12,3 млрд. долл. көлемінде барлық тартылған тікелей инвестициялардың 5,7 млрд. долл. инвестициялары ЕО елдерінен келді. Негізгі инвесторлар: Нидерландтар (3,8 млрд.долл.), Бельгия (797 млн. долл.), Франция (432 млн. долл.), Ұлыбритания (282 млн. долл.), Германия (145 млн. долл.) және Люксембург (65 млн. долл.).

Визалық ынтымақтастық

Астананың еуропалық елдермен қатынастарының дамуы жағдайында Қазақстан мен Еуропалық Одақ азаматтарының өзара сапарларының өсуін ескере отырып, Қазақстан ҚР-ЕО визалық режимін жеңілдетуді қалайды.

Еуропалық сыртқы іс-қимылдар қызметімен еуропалық сарапшыларды қазақстандық миграция және виза салаларындағы заңнамаларды ЕО-ның шарттарына бейімдеу жұмыстарына тарту мақсатында ЕО-ның «PartnershipInstrument» тетігін қолдану туралы келісімге қол жеткізілді.

Аталған тетік аясында жасалатын жұмыс ЕО мүше-мемлекеттері мен ЕО Кеңесі құрылымдары Қазақстан мен ЕО арасында визалық режимді жеңілдету туралы келіссөздерді бастау бойынша оң шешім қабылдауға жұмылдырылады.

Қосылған : 20.03.2017, 09:00, Өзгертілген : 26.02.2019, 10:05