Қазақстан мен Швейцария сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады

Қазақстанның Швейцариядағы Елшілігінің үйлестіруімен 28 қазанда Швейцарияның федералдық орталығы – Берн қаласында – ҚР мен Швейцария арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) 10-отырысы өтті.

Қазақстандық делегацияны, ҮАК тең төрағасы, Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов басқарды. Оған сауда және интеграция, индустрия және инфрақұрылымды дамыту және әділет министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ Қазақстанның Швейцариядағы Елшісі Әлібек Бақаев қатысты.

Швейцариялық тарапты Швейцария үкіметінің сауда келісімдері бойынша уәкілетті елшісі Эрвин Боллиндгер басқарды. Швейцария делегациясы құрамына мүдделі ведомстволардың өкілдері, сонымен қатар іскер топтардың өкілдері кіретін бірқатар салалық қауымдастықтар кірді.

Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың жоғары деңгейін және Қазақстан мен Швейцария арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамыту үшін айтарлықтай әлеуеттің бар екенін бірауыздан атап өтті.

Қатысушылар өзара қызығушылық тудыратын бірқатар мәселелер бойынша пікір алмасты, сауда байланыстарын тереңдету және тікелей инвестициялар тарту перспективаларын талқылады.

Б.Сұлтанов Қазақстан Үкіметі үшін тікелей шетелдік инвестициялар мен сауданың өсуін қамтамасыз ету басым бағыттардың бірі болып табылатынын атап өтті. Ол Швейцария ұзақ мерзімді перспективада Қазақстан үшін экспорттық қызығушылық екенін атап өтті. Қазақстан Швейцариядағы экспортын ұлғайтуға қабілеті бар өңделген тауарлардың кең (метал жаймасынан тоқыма бұйымдарына дейін) тізімін ұсынуға дайын.

Швейцарияның химия, фармацевтика, машина жасау, туризм және кәсіптік білім беру салаларындағы тәжірибесі мен жетістіктері Қазақстан үшін ерекше қызығушылық тудырады.

Кездесу соңында тараптар келесі кездесуді 2020 жылы Қазақстанның астанасында өткізуге келісті.

Қосылған : 29.10.2019, 09:05, Өзгертілген : 29.10.2019, 09:05