Бернде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай салтанатты қабылдау болып өтті

Бернде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай салтанатты қабылдау болып өтті

2019 жылғы 7 желтоқсанда Қазақстанның Швейцариядағы Елшілігі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай салтанатты қабылдау өткізді. Қазақстан үшін Швейцария Еуропадағы маңызды әріптес болып табылады және еліміздің экономикасына инвестор елдердің шоғырына кіреді.

Швейцарияның 40-қажуық ірі компаниялары Қазақстанда экономиканың шикізаттық емес салаларында табысты жұмыс істейді (ABB, Leica Geosystems, Roche және т.б.), ал Швейцария бизнесінің басқа да бірқатар «алыптары» Қазақстан нарығына кіру мүмкіндігін зор ынтамен қарастыруда. 

Елші жиылған қонақтарға құттықтау сөзін арнай отырып, Қазақстан мен Швейцарияның ұқсастығын атап өтті, оны шақырылған аудитория қызығушылықпен қабылдады. Швейцария – бейтарап ел, ал Қазақстан – көп векторлы саясаты бар толерантты ел.

Нұр-Сұлтан мен Берн негізгі халықаралық және өңірлік мәселелер бойынша ұқсас позицияларды ұстанады, сондай-ақ олар Астана және Женева процестерінің шеңберінде Сириядағы қақтығысты реттеу жөніндегі диалогқа жәрдемдесетін маңызды халықаралық алаңдар ретінде әрекет етеді.

Қос ел парламентаралық желі бойынша, Орталық Азиядағы су дипломатиясы жөніндегі бірлескен жобалар мен Ауғанстандағы жағдайды гуманитарлық тұрақтандыру бойынша белсенді түрде ынтымақтасады. Қазақстан мен Швейцарияның теңізге шығатын жолы жоқ, сондықтан олар трансқұрлықтық маршруттардың дамуын, соның ішінде «Бір белдеу, бір жол» бастамасын қолдайды.

Қазақстан мен Швейцарияның табиғи ландшафттары да өте ұқсас. Туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытуға және бірлескен жобаларды іске асыруға зор әлеует көзделген, олардың бірқатарын Swiss Tourism және Kazakh Tourism бірлесіп іске асырып та жатыр.

2019 жыл екі жақты қатынастарда саяси және экономикалық маңызды оқиғаларға толы болды. Елші атап өткендей: «Біз Швейцарияда да, Қазақстанда да бірнеше бизнес-ивенттерді өткіздік. Қазан айында Бернде Қазақстан-Швейцария сауда-экономикалық комиссиясының 10-шы отырысы болып өтті. Швейцария Президенті Ули Маурердің осы жылдың қараша айындағы Нұр-Сұлтанға ресми сапары екі жақты қатынастарды дамытуға айтарлықтай серпін берді, осы сапар барысында Инвестициялық дөңгелек үстел өтті және маңызды келісімдер мен меморандумдарға, оның ішінде АХҚО-мен ынтымақтастықты дамыту желісі жөніндегі құжаттарға да қол қойылды».

Тәуелсіздік күніне арналған қабылдауды Швейцарияда тұратын және қазақтың халық әуендерін осы заманға сай өңдеумен орындайтын қазақстандық дуэт – Санди Токанова (виолончель) мен Ирина Грибаус (фортепиано) көріктендіре түсті. Әртістер Біржан сал шығармаларынан, Япурай, Қараторғай, Дударай және Наз қоңыр сияқты халық композиторлары туындыларынан тұратын өздерінің дебюттік бейнеролигін көрермендерге алғаш рет көрсетті.

Швейцарияның талғампаз халқы отандық «Рахат» шоколады мен Өскемен балының сапасын жоғары бағалады.

Қосылған : 13.12.2019, 10:40, Өзгертілген : 13.12.2019, 10:40