Қазақстанның Швейцариядағы Елшілігі Берн қаласындағы қазақ диаспорасының қатысуымен дөңгелек үстел өткізді

Ағымдағы жылғы 7 желтоқсанда Қазақстанның Швейцариядағы Елшісі Әлібек Бақаев және Елшіліктің дипломаттары Берн, Бюлль және Фрибург кантондарында тұрып жатқан отандас диаспора өкілдерінің және қазақстандық студенттердің қатысуымен дөңгелек үстел форматында кездесу өткізді.

Диаспора өкілдерінің Отанмен байланыстарын сақтау мен дамытудың маңыздылығын ескеретін болсақ, мұндай кездесулер дәстүрге айналып келеді. Бұған дейін ағымдағы жылғы 28 қазанда Цюрих, Люцерн, Во және Вал кантондарында тұратын диаспора үшін кездесу өткізілген болатын.

Берндегі іс-шара барысында Елші тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының арқасында мүмкін болған   Қазақстанның табыстары мен жетістіктері туралы әңгімеледі, сондай-ақ қатысушыларды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауының жергілікті аудитория үшін маңызды және қажетті ережелерімен таныстырды.

Миссия басшысы Жолдаудың аса маңызды басымдықтары «азаматтық әлем, әлеуметтік жаңғырту және елдің қоғамдық өмірінде жастардың рөлі күшейетін ұлтаралық және қоғамдық келісім» болып табылады деп атап өтті.

Таяуда болып өткен Швейцария Президенті Ули Маурердің Нұр-Сұлтанға ресми сапарының аясында, Миссия басшысы қатысушыларды сапардың қорытындылары, Қазақстан-Швейцария қатынастарының жоғары деңгейі туралы, сондай-ақ «Отандастар» қорының қызметі туралы айта келіп, Қазақстанның шетелдердегі азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Қазақстандық диаспора мен студенттер өкілдері өз кезегінде өздерінің Елшіліктің спорт және мәдени іс-шараларына, сондай-ақ Швейцарияда қазақстандықтардың қатысуымен өткізілетін халықаралық деңгейдегі оқиғаларға да белсенді түрде қолдау көрсетуге дайын екендігі туралы дипломаттарды сендірді. Мәселен, 2020 жылғы мамырда Цюрихте және Лозаннада аса ірі спорттық іс-шара – Хоккейден 2020 әлем чемпионаты өтеді, соған орай Елшілік пен диаспора «Барыс» ұлттық командасын қолдауға белсенді түрде қатысуға уағдаласты.

Қосылған : 7.12.2019, 15:05, Өзгертілген : 7.12.2019, 15:05