Біріккен Араб Әмірліктерінде Қазақстанның Тәуелсіздік күні атап өтілді

         Әбу Дабиде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 28 жылдығына орай ресми қабылдау өтті. Салтанатты кешті Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшілігі ұйымдастырды. Елші Мадияр Меңілбеков өз сөзінде Қазақстанның тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткізген бірқатар жетістіктеріне тоқталды. Оның ішінде, елдегі инвестициялық ахуалдың едәуір жақсарғанын, саяси тұрақтылық жағдайында қолға алынған игі реформалардың сәтті жүзеге асып жатқандығын атап өтті. 

         Сондай-ақ, Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктер арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін жеткізе отырып, екіжақты әріптестіктің сауда-экономикалық саладағы нәтижелерін таныстырды. Осы ретте, қазақстандық дипломат Әмірліктер Қазақстанға тәуелсіздігінің алғашқы жылдары жан-жақты қолдау көрсеткенін тілге тиек етіп, қазіргі таңда Араб мемлекеттері арасында елімізге салынған шетелдік инвестиция көлемі жағынан алғашқы орында екендігін мәлімдеді. 

         Қазіргі таңда аталған көрсеткіш 2,1 млрд долларын құрайды. 2019 жылдың қаңтар-қыркүйек кезеңінде екіжақты сауда айналымы 423 млн. долларына жетті. Қос елдің әріптестігіне биыл наурыз айында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Әмірліктерге жасаған жұмыс сапары мен 2018 жылы Әбу Даби Тақ Мұрагері, Әмірліктер Қарулы Күштері Бас Қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның Қазақстанға жасаған сапары мол серпін берді. 

         Келесі жылы екі ел арасындағы қарым-қатынастар тарихы маңызды іссапарлармен қатар, бірқатар айтулы оқиғалармен толығады. Оның ішінде, 2020 жылы елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының 22 жылдығына орай Әбу Даби Плаза көпфункционалды кешенінің ресми ашылуы өтеді. Сонымен қатар, Қазақстанда өткен ЭКСПО-2017 жетістіктері Дубайдағы бүкіләлемдік ЭКСПО-2020 көрмесіне қойылады.  

         Ресми қабылдауға Біріккен Араб Әмірліктері тарапынан Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары Обейд әл-Кетби қатысты. Сондай-ақ, салтанатты кешке Ислам ынтымақтастығы ұйымы Бас Хатшысының Ғылым және технологиялар жөніндегі орынбасары Елші Асқар Мусинов, Әмірліктер мемлекеттік органдарының бірқатар жоғары лауазымды тұлғалары, дипломатиялық өкілдіктердің, ірі компаниялардың басшылары мен ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Қонақтар үшін қазақтың дәстүрлі ән мен билерінен құралған концерттік бағдарлама мен ұлттық тағамдар әзірленді. 

Қосылған : 15.12.2019, 22:50, Өзгертілген : 15.12.2019, 22:50