Размер шрифта
Цвета сайта

 

2017 жылғы 16 сәуірде Әбу Дабиде Қазақстанның Елшісі Қайрат Лама Шариф БАӘ Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі шейх Абдалла бен Заид Әл Нахаянмен кездесті. Кездесу барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастардың қазіргі жағдайы мен көкжиектері туралы пікір алмасты. Шейх Абдалла соңғы ширек ғасырда Қазақстан мен БАӘ арасында берік саяси әріптестік құрылып, өзара тиімді сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық орнағанын, Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне 2017 жылғы қаңтардағы ресми сапары алдағы жылдары біздің қатынастарымыздың дамуына күшті қарқын бергенін атап өтті.

Кездесудің соңында Қ. Лама Шариф БАӘ Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министріне екіжақты ынтымақтастықты нығайту мен тереңдетуге қосқан елеулі үлесі үшін, сондай-ақ Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларына көрсеткен қолдауы үшін «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына» арналған мерекелік медальді табыс етті.