Размер шрифта
Цвета сайта

 

Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты қарым-қатынастар Стратегиялық әріптестік туралы келісім-шарттың қол қойылуынан кейін (2009 ж. қазан) жаңа қарқын ала түсті. Халықаралық және аймақтық ұйымдар шеңберіндегі көпжақты форматтағы ынтымақтастық та табысты дамуда. Тараптар өз сыртқы саяси бастамаларын жүзеге асыруда да өзара белсенді әрекет үстінде.

2012 жылғы 11-12 қазанда ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Түркия Республикасына болған ресми сапары екіжақты қатынастарды одан әрі жақындастырып, нығайта түсті. «Жаңа синергия»  Бірлескен экономикалық бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2012-2015 жж. арналған іс-шаралар жоспарына қол қойылып, оған түрік компанияларының белсенді қатысу мүмкіндіктері қарастырылуда. Сонымен қатар Қазақстанда Қазақстан-Түркия бірлескен индустриалдық аймақтарын құру жұмыстары да жалғастырылуда.

2014 жылғы жоғары деңгейдегі ресми сапарлар бауырлас екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықтың ұдайы дамып, нығаюына үлкен септігін тигізді. Бұл мерзімде екіжақты және көпжақты форматта Қазақстан мен Түркия басшыларының кездесулері ұйымдастырылды. 2014 ж. маусым (Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіСаммиті) және тамыз (Түркия Президенті  инаугурациясы) айларында Елбасының Түркияға жұмыс сапарлары, 2015 ж. 15-17 сәуір аралығында Түркия Республикасының Президенті Р.Т.Ердоғанның Қазақстанға мемлекеттік сапары жоғары деңгейде өтті. Сапар барысында ҚР мен ТР арасындағы Жоғары деңгейдегі Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің Екінші отырысы өтті. Бірінші отырыс 2012 ж. Анкарада өткен. Бірлескен стратегиялық жоспарлау жұмыс тобының бірінші отырысы 2013 ж. сәуір айында Алматыда, екінші отырысы – 2014 ж. 29 желтоқсанда ҚР Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысовтың Түркияға жұмыс сапары барысында өтті.

Екіжақты ынтымақтастықтың өсу қарқыны Қазақстан мен Түркияның барлық деңгейдегі диалогының бай мазмұнымен және үдемелілігімен сипатталады. 

Бұл қатынастар, саяси, экономикалық, қорғаныс, мәдени, ғылыми-техникалық, білім беру, экологиялық, ақпараттық және денсаулық сақтау салаларында бірлескен әрі үйлестірілген қызметті жүзеге асыру мақсатын көздейді.

Халықаралық аренадағы ынтымақтастық пен өзара қолдау екі ел сыртқы саясатының аса маңызды бағыттарын қамтиды.

Қазақстан мен Түркия БҰҰ, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі, Түркі кеңесі, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы және басқа да халықаралық ұйымдар шеңберінде тығыз ынтымақтастық үдерісін жалғастыруда. Біріккен ұлттар ұйымы шеңберіндегі өзара әрекеттестік те ойдағыдай дамуда.

Түркия Астананың «ЭКСПО-2017» дүниежүзілік көрмесіне үміткерлігін қолдай отырып, Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдігі жоқ Африка және Латын Америка елдерінде де қолдауға атсалысты.

Түркия Қазақстанның БҰҰ ҚК-нің Тұрақты емес мүшелігіне үміткерлігін қолдай отырып, Қазақстан Республикасының Африка және Латын Америкасының дипломатиялық өкілдігі жоқ елдерінде де Қазақстан үміткерлігі үшін белсене атсалысуға ниетін білдірді.

2015 ж. 15-17 сәуір аралығындағы Түркия Республикасының Президенті Р.Т.Ердоғанның Қазақстанға мемлекеттік сапары елдеріміз арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін берді.

Сауда-экономикалық саладағы ықпалдастық екі жақты ынтымақтастықтың күретамыры болып табылады.

Ынтымақтастықтың  үлкен көкжиектері Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен бірлескен индустриалдық аймақтың ашылуына байланысты болады, ол түрік бизнесінің қазақстандық нарыққа жүйелі енуіне жол ашады және біздің еліміздің қолайлы инвестициялық климатын жақсартуға серпін береді. 2011 жылғы қазан айында түрік делегациясының сапары барысында ҚР аумағында бірлескен қазақстандық-түрік өнеркәсіптік аймақтарын құру туралы меморандумға қол қойылды.

2013-2015 жылдарында Түркияның 20-дан астам провинцияларында аймақтық бизнес-форумдар ұйымдастырылды.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық екі бауырлас елдің рухани әрі достық қазығына айналды. Бұл бағытта екі елді жақындастыруға ықпал еткен мәдениет күндері , ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар және шығармашылық топтардың концерттері, музыка, өнер және мәдениет фестивальдері, сурет көрмелері ұйымдастырылды.

Тарихы мен мәдени құндылықтары ортақ, түбі бір қазақ және түрік халықтары арасындағы рухани, гуманитарлық салаларда қарқынды дамыған  қарым-қатынастарымыздың жарқын куәсі болған ірі оқиғалар - 2009 жылы Астанада Түрік мемлекетінің негізін қалаушы Мұстафа Кемал Ататүрікке, 2010 жылы Анкарада түркі халықтарын жақындастырудағы ерен еңбегі үшін Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевқа орнатылған ескерткіштер болып табылды.

2015 жылының сәуір айында Елшіліктің және Түркияның Маниса провинциясы басшылығының ұйымдастыруымен халықаралық «Месір» фестивалі аясында «Қазақстанның күндері» өтті.

Елшілік бастамасымен Түркияда қазақ халқының асыл тұлғалары үшін, атап айтқанда, Абай Құнанбаевқа, Мұхтар Әуезовке, Мағжан Жұмабаевқа, Абылай ханға, Қабанбай батырға және т.б. ескерткіштер орнатылған.

2012 ж. әйгілі туристік аймақ Каппадокиядағы Невшехир қаласындағы басты  көшелердің бірі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев есімімен аталды. 2012 ж. Түркияның Невшехир провинциясында «Қазақстан» атындағы саябақ,  Қыршехир қаласында және 2015 ж. Адана қаласында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы даңғылдардың ашылуы және Ахи Эвран университетінде «Қазақстан» атындағы аудиториясының ашылу рәсімі ұйымдастырылды.

Елшіліктің ұйымдастыруымен «Балалық шағымның аспаны», «Қыз Жібек», «Тақиялы періште», «Көшпенділер», «Бəйтерек» атты қазақ фильмдері түрік тіліне аударылып, көрермендердің назарына ұсынылды.  Қазақстан туралы танымдық түрік тілінде 9 бейнефильм шығарылды.

2010-2014 жылдарында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың таңдамалы шығармалар жинағы (5 томдық), «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – әлемдік деңгейдегі көшбасшы», «Қазақстан-Түркия: Жоғары деңгейлі ынтымақтастық», «Қазақстан - Түркия: Достық пен ынтымақтастыққа 20 жыл», «Абай шығармалары», Абайдың «Қара сөздері», М.Мақатаевтың шығармалары, «Қазақстан», «Қазақстан: түрік инвесторлары үшін жолсілтеме» түрік тілінде кітап ретінде шығарылды.