Размер шрифта
Цвета сайта

 

 

Жалпы мәліметтер

1991 жылдың 31 желтоқсанында Ирландия Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін таныды.

1992 жылы 10 сәуірде дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылды.

1997 жылғы қазаннан бері Ирландияның Қазақстандағы мүдделерін Ирландияның Ресей Федерациясындағы Елшілігі білдіреді.

1998 жылғы 11 ақпаннан бері Қазақстан Республикасының Ирландиядағы мүдделерін Қазақстанның Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Елшілігі білдіреді.

2014 жылғы 7 қазанда Ирландияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі міндетін қоса атқарушы Оун O'Лири Мемлекеттік хатшы Ә.Жақсыбековке сенім грамоталарын тапсырды.

2015 жылғы 25 маусымда Қазақстанның Ұлыбританиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Е.Қазыхановтың Ирландия президенті М.Хиггинске сенім грамоталарын тапсыруы жоспарланған.

Саяси қатынастар

2012 жылы 18 шілдеде Астана қаласында ҚР СІМ мен Ирландияның Сыртқы істер және сауда министрлігі арасында алғаш рет саяси консультациялар өткізілді. Бұл кеңесулерге Ирландия СІМ-нің Саяси мәселелер жөніндегі директоры Д.Донохью және ЕҚЫҰ Басқармасының бастығы Дж.Киоун қатысты.

2012 жылы 6 желтоқсанда Дублинде өткен ЕҚЫҰ 19-ыншы СІМС-нде Сыртқы істер министрі Е.Ідрісов Ирландия СІМ Э.Гилмормен кездесу өткізді.

2014 жылдың 6-7 наурызында Еуропалық халық партиясы (ЕХП) шақыруымен «Нұр Отан» ХДП Бірінші орынбасары Б.Байбек бастаған ҚР делегациясы жұмыс сапарымен Дублинге барды және ЕХП XXII Конгресінің жұмысына қатысты.

2015 жылы 27 мамырда ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің хатшысы Б.Әйтімова жұмыс сапарымен Ирландияға барды. Сенат басшысы П.Беркпен кездесу барысында ол Қазақстанның БҰҰ ҚК 2017-2018 жж. тұрақты емес мүшелеріне кандидатурасын қолдау туралы ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Ирландия Президенті М.Хиггинске жазған Жолдауын табыс етті.

Сауда-экономикалық қарым-қатынастар

2014 жылы сауда көлемі 185,36 ​​млн. АҚШ долларын құрады (экспорт - 2,54 млн., импорт – 182,81 млн.), 2013 жылы – 154,0 млн. АҚШ доллары (экспорт – 1,1 млн., импорт - 152,9 млн.).

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің деректері бойынша, 1995 жылдан 2014 жылға дейінгі кезеңде Ирландия Қазақстан экономикасына жалпы 142,1 млн. доллар инвестиция құйды. Оның ішінде 0,2 млн. АҚШ доллары - тікелей инвестициялар. Осы кезеңде, Қазақстан Ирландияға 674,2 млн. АҚШ доллар инвестиция жіберді.

Шетелдік инвестицияларды тарту, бағдарламалық қамтамасыз ету және фармацевтикалық өнімдерді өндіру, экономиканың жоғары технологиялық салаларын дамыту және инновациялық, IT-парктер құру бойынша әлемде жетекші орын алатын Ирландия Қазақстанда бағдарламаларды жүзеге асыру аясында Қазақстан үшін практикалық қызығушылық тудырады.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық

Қазақстан мен Ирландия арасында білім беру саласындағы ынтымақтастық оң дамып келеді. Ирландия Президенттік «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқитын студенттерді қабылдаушы мемлекеттер тізіміне кіреді. Бүгінгі таңда 30-дан астам қазақстандық студенттер Ирландияның 4 университетінде білім алуда. БҒМ мәліметтеріне сәйкес, шамамен 150 қазақстандық студент Ирландияда оқиды.