Размер шрифта
Цвета сайта

ТҮРКІТІЛДЕС МЕМЛЕКЕТТЕР ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ КЕҢЕСІ

2009 жылғы 3 қазанда Нахчыван қаласында (Әзербайжан Республикасы) өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының 9-шы Саммитінде ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесін (бұдан былай – ТМЫК немесе Түркі Кеңесі) құру туралы Келісімге қол қойылды.

Аталмыш Келісімнің қабылдануы түркі халықтарының бірлігін нығайтуды көздеген аймақтық еларалық бірлестікті құруға негіз қалады.

Түркі Кеңесінің мүше-мемлекеттері Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия болып табылады. Түркі Кеңесінің Хатшылығы құрылып, оған Кеңестің саммиттері барысында қабылданған шешімдердің орындалу барысын зерделеу, жоғары деңгейдегі кездесулер мен сарапшылар отырыстарын дайындау және басқа міндеттер жүктелді.

2010 жылдан 2014 жылға дейін Түркі Кеңесінің Бас хатшысы ретінде Түркия СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Халил Акынжы істеді. 2014 жылғы қыркүйек айынан бастап Түркі кеңесінің келесі Бас хатшысы Әзербайжан Республикасы өкілі Р.Гасанов болады. Хатшылықтың штыб-пәтері Ыстанбұлда орналасқан.

Түркі Кеңесінің тұңғыш Саммиті 2011 жылы 21 қазанда Алматыда өтті. Саммиттің жұмысы түркітілдес мемлекеттердің «Экономикалық ынтымақтастығы» тақырыбына арналып өткізілді. Мүше мемлекеттер арасында сауда-экономикалық өзара ынтымақтастығы, тауар, капитал, қызмет пен технологиялардың еркін айналым мәселелері талқыланды. Саммит нәтижесінде Алматы декларациясы қабылданды..

2012 жылы 23 тамызда Бішкекте Түркі Кеңесінің екінші Саммиті өтті. Саммиттің жұмысы түркітілдес мемлекеттердің «Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығы» тақырыбына арналып өткізілді. Саммит барысында Бішкек декларациясына, «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Хатшылығының қаржылық ережелері туралы», «Түркі академиясы» халықаралық ұйымын құру туралы» келісімдерге және «Түркі мәдениеті және мұрасы қорының» Жарғысына қол қойылды.

2013 жылы 16 тамызда Әзербайжанның Габала қаласында Түркі Кеңесінің 3-ші Саммиті өтті. Саммит түркітілдес мемлекеттердің «Көлік және байланыс саласындағы ынтымақтастығы» тақырыбына арналды. Саммитте Габала декларациясы қабылданды.

2014 жылы 5 маусымда Түркияның Бодрум қаласында Түркі Кеңесінің 4-ші Саммиті өтті. Саммит түркітілдес мемлекеттердің «Туризм саласындағы ынтымақтастығы» тақырыбына арналды. Саммит нәтижесінде Бодрум декларациясы қабылданды.

Түркі кеңесінің 5-Саммиті 2015 жылы Қазақстанда өтеді.

Түркі кеңесінің аясында жыл сайын отырыстар өткізілуде:

-Мемлекет басшыларының кеңесі;

-Сыртқы істер министрлерінің кеңесі;

-Аға лауазымды тұлғалардың комитеті;

-Ақсақалдар кеңесі;

-Экономика, инвестиция, кеден, көлік және туризм салаларындағы ынтымақтастық бойынша құзыретті мемлекеттік органдары басшыларының кездесулері;

-Ортақ терминология комитеті;

-Диаспора ұйымдары басшыларының отырыстары.

Түркі Кеңесінің шеңберінде экономикалық байланыстарды тереңдету мақсатында 2011 жылы 13 қазанда Алматыда мүше-мемлекеттердің Экономика министрлерінің тұңғыш кездесуі өтті. Кездесу барысында түркітілдес мемлекеттер арасында экономикалық ынтымақтастықты нығайту және өзара сауда көлемін арттыру мақсатында зерттеулер жүргізу және ұсыныстар дайындау үшін келесі салаларда төрт Жұмыс топты құру туралы шешім қабылданды.

  1.  Инвестициялық ахуалды жақсарту;
  2.  Экономиканы әртараптандыру;
  3.  Көлікті дамыту;
  4.  Кәсіпкерлікті қолдау; 

2013 жылы туризмді дамыту бойынша бесінші Жұмыс тобы құрылды.

Түркітілдес мемлекеттердің Іскерлік кеңесі қызмет атқарады.

2012 жылы 13-15 тамызда Баку қаласында түркітілдес мемлекеттердің экономика министрлерінің 2-ші кездесуі өтіп, аймақтағы мемлекеттер арасында сауда-экономикалық және инвестициялық серіптестікті кеңейту, экспорттық потенциалды дамытып өзара тауар айналымды көбейту мәселелері қарастырылды.

2013 жылғы 28 маусымда Ыстанбұлда Түркі Кеңесі мүше мемлекеттердің экономика министрлерінің 3-ші кездесуі өтті.

2014 жылы 20 маусымда Ыстықкөлде Түркі Кеңесі мүше мемлекеттердің экономика министрлерінің 4-ші кездесуі өтті. Инвестициялық статистика ақпаратпен алмасу мәселелері талқыланды.

2013 жылғы 3 шілдеде Баку қаласында Түркі Кеңесінің көлік және коммуникация министрлерінің 1-ші кездесуі өтті. Кездесу барысында Каспий теңізі порттарын халықаралық көлік желілерімен қосатын жерүсті көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланды. Іс-шара шеңберінде Ақтау (Қазақстан), Баку (Әзербайжан) және Самсун (Түркия) теңіз порттары өзара түсіністік тіралы меморандумға қол қойылды. Аталған Меморандум үш порт арасындағы жүк туралы өзара ақпарат алмасуға, порт қызметін басқару мен оның маркетингін ілгерілетудегі үздік тәжірибе алмасуға және маман даярлау ісінде ынтымақтасуға және жәрдемдесуге септігін тигізеді.

2013 жылғы 9-10 желтоқсанда Ыстанбұлда Түркі Кеңесінің Туризм жөніндегі жұмыс тобының 1-ші кездесуі, ал 2014 жылғы 11 сәуірде Түркі Кеңесіне мүше мемлекеттердің туризм министрлерінің 1-ші отырысы өтті.

2014 жылғы 17-18 сәуірде Баку, Ақтау және Самсун теңіз порттарының әкімшіліктері өкілдерінің 1-ші кездесуі өтті.

2014 жылғы 21 мамырда Астанада Түркі Кеңесінің көлік және коммуникация министрлерінің 2-ші кездесуі өткізілді.

2014 жылғы 20 маусымда Ыстық Көлде Түркі Кеңесіне мүше мемлекеттердің экономика министрлерінің 4-ші отырысы өтті.