Размер шрифта
Цвета сайта

 

Кеден одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік және Еуразиялық экономикалық одақ

(КО, БЭК, ЕАЭО)

 

2006-2011 жылдар аралығында қазақстандық тарап Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Кеден одағының толық жұмысын қамтамасыз ету үшін барынша күшін салды: үш мемлекеттің Бірыңғай кедендік кодексі қабылданды, Бірыңғай кедендік тариф күшіне енді, ұлтүстілік орган – Кеден одағы комиссиясы құрылды, бірыңғай кедендік бажы мен сыртқы сауданы тарифті емес реттеудің бірыңғай шаралары қолданылатын бірыңғай кеден аумағы іске қосылды. 

2012 жылғы 1 қаңтардан бастап Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Бірыңғай экономикалық кеңістігі жүзеге аса бастады (БЭК), БЭК 17 негізгі келісімі күшіне енді. Қазақстан тарапы бекітілген мерзімге сәйкес, келісімдерде көрсетілген ережелерді іске асыру бойынша жұмыс жүргізуде. БЭК іске қосылғаннан кейін тауарлардың, қызметтердің, капиталдың және жұмыс күшінің еркін қозғалуын қамтамасыз ететін болады. КО мен БЭК еуразиялық интеграцияның жаңа қадамы – Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) үшін негізгі алаң болды.

2014 жылдың бірінші жарты жылдығында Еуразиялық интеграция үдерісіне қосылған мемлекеттік органдардың жұмысы ЕАЭО туралы Шарттың (және оның тиісті қосымшаларын) жобасын мақұлдауға бағытталды.

Үздіксіз жұмыстың нәтижесінде 2014 жылғы 29 мамырда Астанада Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылды. 2015 жылғы    1 қаңтардан бастап Еуразиялық экономикалық одақ жұмысын бастады.

ЕАЭО туралы Шарт 4 бөліктен тұрады (жалпы көлемі – 1014 бет, негізгі бөлімі – 154 бет, ал қосымшасы – 860 бет).

Бірінші бөлік – «Институционалды бөлік» Еуразиялық экономикалық одақты құру.

Екінші бөлік – Кеден одағы.

Үшінші бөлік – Бірыңғай экономикалық кеңістік.

Төртінші бөлік – Өтпелі және қорытынды ережелер.

КО мен БЭК шеңберінде қол жеткізген уағдаластықтар Шарттың негізі болып табылады.

Шарт агроөнеркәсіптік кешен, өнеркәсіп, еңбек көші-қоны, валюта саясаты, қаржы нарықтарын реттеу, бәсекелестік саясаты, табиғи монополиялар, қызметтер мен инвестицияларды сату, салық және салық салу, сыртқы сауда саясаты, макроэкономикалық саясаты, энергетика сияқты бағыттар бойынша бөлімдерді қамтиды.

Одақ халықаралық құқықтық субъекті бола тұра, өңірлік экономикалық интеграцияның халықаралық ұйымы екені Шартпен айқындалған.

КО мен БЭК-тың бұрын болған органдарының негізінде Одақтың келесі органдары құрылды:

-         Жоғары кеңес (мемлекет басшылары деңгейінде);

-         Үкіметаралық кеңес (үкімет басшылары деңгейінде);

-         Еуразиялық экономикалық комиссиясы (Кеңес пен Алқаның деңгейінде);

-         Еуразиялық экономикалық одақтың соты.

Департаменттердің директорлары мен олардың орынбасарлары лауазымдарына орналасуға кандидаттарды конкурс негізінде іріктеу Тараптардан теңдей өкілдік етілу қағидатын ескере отырып жүргізілуі көзделген.

Бүгінгі күні Тараптардан қызметкерлердің Комиссияда өкілдік етуі квоталық қағидат бойынша жүзеге асырылады, яғни Қазақстан үшін 10%, Беларусь үшін 6%, Ресей Федерациясы үшін 84% арақатынасымен жүзеге асырылады. Бұл бөлу мүше мемлекеттер халқының экономикалық белсенділігі көрсеткіштерінің негізінде құрылды.

Тараптар директорлар мен олардың орынбасарларын мүше мемлекеттер ұсынған кандидатуралар арасынан конкурс негізінде тағайындауды мақұлдады. Комиссия Алқасының 8 мүшесінен тұратын конкурстық комиссиясы кандидатураларға іріктеу жүргізеді (Комиссия Алқасының Төрағасын есептемегенде).

Осылайша, Комиссия басшылығында, Алқа мүшелері, Департаменттердің директорлары мен олардың орынбасарлары деңгейінде мүше мемлекеттердің тең өкілдік етуіне қол жеткізілді.

Жоғары кеңес, Үкіметаралық кеңес, сондай-ақ Комиссия Кеңесі деңгейінде шешімдер бұрын қалай қабылданды, қазірде дәл солай, тек консенсус арқылы қабылданатын болады.

Сонымен қатар, Одақ пен Комиссия шешімдері шеңберіндегі халықаралық шарттарды Тараптардың мемлекеттік тілдеріне аудару, сосын Одақтың ресми сайтында жария ету міндеті жүктелген.

Сондай-ақ, Тараптардың жеке және заңды тұлғаларының мүше мемлекеттердің мемлекеттік тілдерінде Комиссияға жүгінуіне мүмкіндік беретін жаңа ереже қабылданды.

Мүше мемлекеттердің мемлекеттік тілдеріне аударылуы Одақтың бюджетінде осы мақсатқа көзделген қаржы есебінен жүзеге асырылады.

Мемлекет басшысының төмендегілерге қатысты тапсырмалары мен нұсқауларын Қазақстан тарапының келіссөздер делегациясы толық орындады:

-         Экономикалық бірігудің саясиландырылуына жол бермеу;

-         ЕАЭО органдарында Тараптардың тең болуы;

-         шешімдерді бәтуаластықпен қабылдау;

-         Шарттан шығу мүмкіндіктері;

-         адам және азаматтың конституциялық құқығы мен бостандығының ұлықтылығы;

-       Қазақстанның үшінші елдермен және халықаралық ұйымдармен бұрын жасалған міндеттемелерін сақтау;

-         егемендікті, аумақтық тұтастықты, саяси құрылымның ерекшеліктері мен мүше мемлекеттердің ұлттық мүдделерін ескеруді сақтау қағидаттарын Шартта бекіту;

-     Одақтың төменгі және жоғары органдары қабылдаған шешімдерді жою немесе қайта қарастыру мүмкіндіктері.

ЕАЭО туралы Шарт мемлекеттеріміздің азаматтарының әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру бойынша міндеттерді шешуге бағытталған. ЕАЭО құрылуы экономикаларымыздың жан-жақты дамуы мен жаңаруы, сондай-ақ жаһандық әлемде оларды мемлекеттеріміздің жетекші орынға шығару үшін мықты түрткі болады.

Анықтама:

Шарт ҚР Парламенті Мәжілісінде 2014 ж. 1 қазанда, ҚР Парламенті Сенатында  2014 ж. 9 қазанда бекітілді.

2014 ж. 3 қазанда Шартты бекіту туралы заңға РФ Президенті В.В. Путин қол қойды. Бұрын, 2014 ж. 1 қазанда РФ Федералды жиналысы Федерация Кеңесі Шартты бекітті, 2014 ж. 26 қыркүйекте  РФ Мемлекеттік Думасы оны ратификациялады.

2014 ж. 9 қазанда  БР Ұлттық жиналысының депутаттары Шартты ратификациялады, сол күні БР Президенті А.Г. Лукашенко Шартты ратификациялау туралы заңға қол қойды.

2014 ж. 14 қазанда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев осы Шартты ратификациялау туралы заңға қол қойды.

         ***

2014 жылғы 10 қазанда Минск қаласында өткен Мемлекет басшыларының деңгейіндегіЖоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы барысында 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы Шартқа Армения Республикасының қосылуы туралы шартқа қол қойылды,ал 2014 жылғы 23 желтоқсанда Мәскеу қаласында Мемлекет басшыларының деңгейіндегі ЖЕЭК кезекті отырысында 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы Шартқа Қырғыз Республикасының қосылуы туралы шартқа «қысқартылған» түрде қол қойылды(он бір баптың негізгі бөлігі мен бір қосымшасы).

Сонымен қатар, 2015 жылғы 8 мамырда Мәскеу қаласында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының қорытындысы бойынша Қырғызстанның қосылуы рәсімі толық жазылған екі хаттамаға қол қойылды.

2015 жылғы 12 тамыздан бастап Қырғызстан ЕАЭО толық мүшесі болып табылады.

2015 жылғы 16 қазанда Бурабай кентінде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтті.

Келіссөздер барысында Мемлекет басшылары Еуразиялық экономикалық кеңес Алқасының Төрағасымен қоса жаңа құрамы туралы шешім қабылдады. Жоғарғы кеңестің шешіміне сәйкес ЕЭК Алқасының Төрағасы Армения Республикасының өкілі Тигран Саркисян болды.

Кездесу қорытындысы бойынша Тараптар Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуразиялық экономикалық кеңестің үшінші елдермен өзара іс-қимыл жасау тәртібін анықтайтын бірқатар құжаттарға қол қойып, 2015-2016 жылдарға арналған ЕАЭО халықаралық жұмысының негізгі бағыттарын, сонымен қатар ЕАЭО негізгі серіктестерімен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту қағидаттарын орташа мерзімге мақұлдады.

Отырыс барысында Израиль мемлекетімен еркін сауда аймағын құру бойынша келіссөздерді бастау туралы шешім қабылданды. Бұл ұсыныс бірлескен зерттеу тобы баяндамасының қорытындысы бойынша қабылданды.

Мүше мемлекеттер экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ұлттық саясаттарды үйлестіру және бірігу ұстанымдарын әзірлеу мақсатында Одақтың экономикалық дамуының 2030 жылға дейінгі негізгі бағыттары бекітіліп, жаңа мүшелерді қабылдау және Одақтан шығу тәртібі қабылданды.

2015 жылғы 21 желтоқсанда Мәскеу қаласында Президенттер ЕЭК Алқасының жеке құрамын анықтап, ЕЭК Алқасы мүшелерінің арасында міндеттемелерді бөлді. Отырыс барысында ЕАЭО 2016 жылға арналған бюджеті келісілді, сондай-ақ Одақ шеңберінде Автокөлік тасымалдау саласын кезеңдік ырықтандыру бағдарламасына өзгерістер енгізу, 2020 жылы Одаққа мүше мемлекеттерде халық санағын жүргізу және 2016 жылы Қазақстанның Одақ органдарына төрағалық етуі туралы шешім қабылданды (мемлекет басшылары, үкімет басшылары, премьер-министрлердің орынбасарлары деңгейінде). Сонымен қатар, ЖЕЭК отырысында ЕАЭО және «Жібек жолының экономикалық белдеуі» жобасын ұштастыру жөніндегі мәселелер қарастырылды. Қытаймен ынтымақтастықтың «Жол картасын» құру бойынша жұмыс басталды.