Размер шрифта
Цвета сайта

 

Қазіргі кезеңде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету тек Орталық Азия өңірі үшін ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемдік қауымдастығы үшін де өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Қазақстан Республикасы елдегі және өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге, жаңа қауіп-қатерлермен халықаралық құқық арқылы күресуге, туындайтын қауіптерді болдырмау және олардан алдын ала сақтандыру мәселелерін шешуге, олардың негізінде жатқан негізгі себептерді жоюға қолайлы жағдайларды туғызу үшін дәйекті түрде қолдау жасайды.

Бүгінгі күні Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі өзара 
іс-қимыл мен үйлестіру жұмыстарының құралдарының бірі болып табылады.

ҰҚШҰ – халықаралық өңірлік бірлестік, оның құрамына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан кіреді.

Ұйымның негізгі мақсаттары бейбітшілікті, халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты күшейту, қол жеткізуде саяси амал-тәсілдерге басымдық беретін, ұжым негізінде мүше мемлекеттердің тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау болып табылады.

Ұйым өз қызметінде ТМД-ға кірмейтін мемлекеттермен ынтымақтасады, қауіпсіздік саласында іс-қимыл жасайтын халықаралық үкіметаралық ұйымдармен қатынасты сақтайды.  Ұйым халықаралық құқықтың көпшілікке танылған қағидаттарына негізделген әділетті, демократиялық әлем тәртібін қалыптастыруға жәрдемдеседі.

Ұйымның жоғарғы органы – Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі (ҰҚК). Бұл кеңес Ұйым қызметінің қағидатты мәселелерін қарастырып, оның мақсаттары мен міндеттерін жүзеге асыруға қатысты шешімдер қабылдайды, сондай-ақ осы мақсаттарды іске асыру үшін мүше мемлекеттердің қызметін үйлестіруді және олардың бірлескен әрекеттерін қамтамасыз етеді. Кеңес құрамына мүше мемлекеттердің басшылары кіреді.

ҰҚК сессиялары арасында мүше мемлекеттер тағайындайтын өкілетті өкілдерден тұратын Тұрақты Кеңес, Ұйым органдары қабылдаған шешімдерді іске асыру үшін тараптардың өзара қатынастарын үйлестіру мәселелерімен айналысады.

Сыртқы істер министрлері кеңесі – сыртқы саясат саласындағы мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылын үйлестіру мәселелерімен айналысатын ұйымның кеңесші және атқарушы органы.

Қорғаныс министрлері кеңесі – әскери саясат, әскери құрылыс және әскери-техникалық ынтымақтастық саласындағы мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылын үйлестіру мәселелерімен шұғылданатын кеңесші және атқарушы органы.

Қауіпсіздік кеңестер хатшыларының комитеті – мүше мемлекеттердің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы олардың өзара іс-қимылын үйлестіру мәселелерімен шұғылданатын Ұйымның кеңесші және атқарушы органы.

Ұйымның бас хатшысы Ұйым Хатшылығын басқаруды іске асыратын жоғары әкімшілік лауазымды адам болып табылады. Мүше мемлекеттердің азаматтары санынан ҰҚК шешімімен тағайындалады және Кеңеске есеп беруге міндетті.

Ұйым хатшылығы – Ұйым органдары қызметін ұйымдастырушылық, ақпараттық, талдамалық және консультативтік қамтамасыз етуді жүзеге асыратын тұрақты жұмыс органы.

ҰҚШҰ Біріккен штабы ұйымның тағы да бір тұрақты әрекет ететін жұмыс органы болып табылады. Ол 2004 жылдан бастап жұмыс істейді және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарттың әскери бөлігі бойынша ұсыныстар дайындау мен шешімдерді жүзеге асыруға жауап береді.

Қызметінің бағыттары

ҰҚШҰ Жарғысына сәйкес Ұйымның қызметі бойынша негізгі үш бағыт анықталған: саяси ынтымақтастық, әскери ынтымақтастық және жаңа сын-тегеуріндер мен қауіптерге қарсы іс-қимылдар.

Саяси ынтымақтастық

ҰҚШҰ Жарғысының 9-бабына сәйкес Ұйым нысанында тұрақты саяси кеңестердің тетіктері қызмет жасайды. Осы кеңестердің барысында ҰҚШҰ жауапты аумақтың жағдайы талқыланады, халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін шешу үшін ортақ ұстанымдарды құру және ортақ амалдар іздестіру бойынша жұмыс жүргізіледі, ұжымдық мәлімдемелер келісіледі.

Қызметтік деңгейде басқа халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнатылуда. БҰҰ, ШЫҰ, ТМД, Одақтас мемлекетпен, Коломбо Жоспарымен, ШЫҰ терроризмге қарсы өңірлік құрылымымен, ТМД Шекара әскерлерін басқаратын кеңестің Терроризмге қарсы орталығымен және Үйлестіру қызметімен ынтымақтастық туралы меморандумдарға (хаттамаларға) қол қойылған.

ҰҚШҰ, ТМД және ШЫҰ жоғары әкімшілік лауазымды адамдар арасында өзара мүдделік тудыратын бірқатар мәселелер бойынша пікір алмасу тетігі жасалды.

Әскери ынтымақтастық

Ұйым алдында тұрған міндеттерді шешу үшін ұжымдық саяси іс-қимылдың басымдығы  мен маңыздылығына қарамастан, ҰҚШҰ ерекшелігі еуразиялық өңірдегі дәстүрлі және қазіргі заманның сын-тегеуріндері мен қауіптеріне қарсы іс-қимыл жасауға дайын әрекетті күш әлеуетінің болуы болып табылады.

Бүгінгі таңда Ұйымның әскери бөлігіне кең коалициялық негізде қалыптасқан жедел жауап беретін ұжымдық күштер мен Бітімгершілік күштердің, сондай-ақ өңірлік күштердің топтасуы мен ұжым қауіпсіздігінің амалдары кіреді: Орталық Азия өңірінің жедел ден қою ұжымдық күштері, Шығыс Еуропа өңірінің Ресей-Беларусь әскерлерінің (күш) бірігуі, Кавказ өңірінің Ресей-Армения әскерлерінің (күш) бірігуі. Ресей және Беларусь ӘҚҚ біріккен жүйесі қызмет жасайды, Ресей және Қазақстан ӘҚҚ Біріккен жүйесі құрылды, Ресей-Армения ӘҚҚ өңірлік жүйесу құрылуда. Ұжымдық авиациялық күштер құрылды.

Жыл сайын «Өзара іс-қимыл» жедел ден қою және «Мызғымас бауырластық» бітімгершілік ұжымдық күштерімен бірлескен оқу-жаттығулар өткізіледі. Әскери контингенттері мен құқық қорғау органдарының құрылымдық бөлімшелерін және арнайы қызметтерін техникалық қайта қаруландыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Жеңілдік шарттардың негізінде әскери өнімдерді сатып алу және тасымалдау жүзеге асырылуда.

Әскери-экономикалық ынтымақтастықты нығайту бойынша жұмыс жалғасуда. Әртүрлі салалар бойынша әскери кадрларды даярлау жүйесі құрылып, жетілдірілуде.

Қазіргі заман сын-тегеуріндері мен қауіптеріне қарсы іс-қимылдар

2006 жылы ҰҚШҰ көп функционалды сипат беру туралы соңғы шешімді қабылдағаннан кейін, Ұйым өңірдегі сын-тегеуріндер мен қауіптерге қарсы іс-қимылдарда өз үлесін арттыруда. Ұлттық іс-шараларды үйлестіру үшін қажетті үйлестіру тетіктері құрылып, табысты қызмет атқаруда. ҰҚШҰ-ның басты мақсаты тиісті қызметтермен тәжірибе жүзінде өзара іс-қимыл жасау, қатардағы қызметкерлермен күнделікті өзара іс-қимыл жасау мүмкіндігін қамтамасыз ету, жұмсалып жатқан күштен нақты нәтиже алу болып табылады. Бұл үшін тұрақты түрде ҰҚШҰ бастамасымен ұжымдық арнайы жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіледі.

Ұйым ұмтылысының маңызды практикалық саласы есірткі тасымалына қарсы іс-қимыл болып табылады. Ұйым бастамасымен заңсыз есірткі айналымына қарсы іс-қимыл бойынша құзыретті органдар басшыларының үйлестіру кеңесі есірткіге қарсы тұрақты әрекет ететін өңірлік «Арна» операциясын өткізеді. Оның мақсаты есірткі контрабандасының жолын анықтау және оны кесу, жасырын зертханалардың жұмысын шектеу, прекурсорлардың заңсыз айналымға шығуының алдын алу, есірткі бизнесінің экономикалық негізін жою болып табылады. Іс-шараға есірткі бақылау, ішкі істер (полиция), шекаралық қызмет, кеден, Ұйымға мүше мемлекеттердің мемлекеттік (ұлттық) қауіпсіздігі мен қаржылық барлау органдарының қызметкерлері қатысады. Іс-шараға бақылаушылар ретінде ҰҚШҰ кірмейтін 30-ға жуық мемлекеттің, оның ішінде АҚШ, Еуроодақ елдерінің, бірқатар латынамерикандық мемлекеттердің, сондай-ақ ЕҚЫҰ, Интерпол және Европол сияқты халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады.

Заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл бойынша құзыретті органдардың үйлестіру кеңесінің басшылығымен үйлестірілген жедел-профилактикалық іс-шаралар және үшінші елдер азаматтарының заңсыз көші-қон арналарын кесу және «Заңсыз» ұйымдастырылған топтар мен адамдардың трафигін қамтамасыз ететін қылмыстық әрекетті тойтару бойынша бірлескен күштерді көздейтін заңсыз миграцияға қарсы іс-қимылдың арнайы операциялары жүргізілуде.

Халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында бірлескен ұмтылыстар іске асырылуда. «Прокси» операциясының шеңберінде заманауи ақпараттық технологиялар саласындағы қылмысты жою мақсатында қауіпсіздік және ішкі істер  органдарының арнайы бөлімшелері өзара белсенді түрде өзара іс-қимыл жасауда.

Қазіргі және әлеуетті қауіптер, оның ішінде терроризм, экстремизм, есірткі тасымалы және басқа да ұйымдастырылған қылмыстың түрлері аясында  ҰҚШҰ мүше мемлекеттерінің қауіпсіздігін одан әрі күшейту мақсатында ҰҚШҰ жедел ден қою ұжымдық күштерді құру туралы шешім қабылданды.

ҰҚШҰ тиімділігінің артуы, оның қазіргі заманның геосаяси және әскери саяси шарттарға бейімделуі, қабылданған келісімдерді іске асыру бойынша нақты тетіктердің құрылуы көрсетілген құжаттарды қабылдаудың, жалпы ішкі істер, сыртқы істер министрліктерінің, арнайы қызметтердің, қауіпсіздік кеңестерінің орындаған жұмыстарының нәтижесі болып табылады.